Аққулы ауданында тұрғын үй төңірегінде дау шықты
Мұқтаж жандарға арналған тұрғын үйлер басшыларға таратылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұған қоса шенеуніктер баспана үшін төлем жасауға асықпаған. Аудандық нақты экономика бөлімінің басшысы Бауыржан Араловқа қатысты тәртіптік іс Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды.
Тұрғын үй кезегінде тұрған 278 адамға қарамастан, мұқтаждарға арналған он пәтер ауданның мемлекеттік қызметшілеріне заңсыз берілген. Мәселен, бөлім басшысы аз қамтылғандарға арналған тұрғын үйге аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерін орналастыруға рұқсат берген.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасарлары Дулат Молдагелдинов, Тасболат Қобайдаров, полиция бөлімінің бастығы Дәулет Молдабаев және оның орынбасары осындай үйлерге ие болды.
Бұған дейін аудан әкімінің шешімімен мұқтаж жандарға арналған тұрғын үй қызметтік және жалға берілетін болып танылған, алайда шенеуніктер тұру ақысын төлемеді. Олардың берешегі үш миллион теңгеге жетті.
– Неге олар өздері тұрған үйлер үшін төлемеді? Олар мемлекеттің қамсыздандыруында ма еді? – деп наразылық білдірді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ержан Қарымсақов. – Көшіру жұмыстары мен қаражатты алу жұмыстары жүргізілген жоқ. Мұны қалай түсінуге болады?
Мемлекеттік қызметшілер үйден шығарылған, тек біреуі ғана мұқтаждарға арналған үйде заңсыз тұрып жатыр.
Бауыржан Араловтың айтуынша, пәтер ақысы толық көлемде төленген. Оның сөздерін аудандық прокуратура өкілдері бірден жоққа шығарды. Бұл туралы шенеунік бір кездері хабардар болған және қадағалау органының дәлелдерімен келіскен.
Кеңес мүшесі, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Медет Амралинов Аққулы әкімі орынбасарларының жеке басына қызығушылық танытты.
Әдеп жөніндегі кеңес Бауыржан Араловқа жаза ретінде қызметтік сәйкестіктің толық болмауы туралы ескерту беруді ұсынды.