Аққулы ауданының әскери-патриоттық лагерінде болашақ сарбаздарды дайындауда

Аққулы ауданының әскери-патриоттық лагерінде болашақ сарбаздарды дайындауда
Фото: облыстық білім басқармасы

Оқушылар табиғат жағдайында өмір сүру дағдыларын меңгеруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Майқарағай жалпы орта білім беру мектебінде жазғы демалыс уақытында ұйымдастырылған әскери-патриоттық лагерь жоғары деңгейде жұмыс атқаруда.

Бұл лагерь – жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, әскери тәртіп пен рухани-адамгершілік тәрбиені нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі.

Лагерь аясында оқушылар түрлі әскери-қолданбалы жаттығуларға қатысып, саптық дайындықты, алғашқы медициналық көмек көрсетуді, топпен жұмыс істеуді үйренеді.

Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихы мен құрылымы туралы танымдық сағаттар да өткізіліп жатыр.

Мектеп ұжымы мен арнайы шақырылған әскери қызметкерлер балалармен тығыз жұмыс жүргізіп, патриоттық тәрбие беру ісіне барынша үлес қосуда. Оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі спорттық жарыстар, викториналар мен кездесулер ұйымдастырылады.

– Бұл лагерь біз үшін тек демалыс емес, нағыз мектеп десек те болады. Мұнда біз командалық бірлік пен тәртіпті, батылдық пен жауапкершілікті үйреніп жатырмыз, – дейді лагерь қатысушыларының бірі, 7-сынып оқушысы Әуезхан Кәусәр.

Майқарағай мектебіндегі әскери-патриоттық лагерь – жастарға елжандылық қасиетті дарытатын, болашақ сарбаздарды дайындайтын жарқын бастама. Мұндай іс-шаралар ел ертеңінің нағыз қорғаны болар ұрпақты тәрбиелеудің негізі болмақ.