Аққулыда жас мобилографтың жеке фотокөрмесі ашылды

Аққулыда жас мобилографтың жеке фотокөрмесі ашылды
Фото: Сезім Сабыржанның архивінен

Онда көктемнің көркі – қызғалдақтар туралы иллюстрациялық картиналар қойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауылындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Сезім Сабыржан сәндік қызғалдақтардың әсемдігіне арналған көктемгі фотокөрме дайындады. Бұл көрме көктемнің жарқын бояулары мен табиғаттың жаңаруын бейнелейтін ерекше шығармашылық жобаға айналды. 

Онда сәндік қызғалдақтардың саналуан түрлері бейнеленген. Әрбір кадр көктем гүлдерінің ерекше сұлулығын - әсем күлтелерін, таңғы шық тамшыларын және күн сәулесінің ойынын әсерлі жеткізеді. Жас автордың байқағыштығы мен шығармашылық көзқарасының арқасында күнделікті көріп жүрген гүлдер жаңа, көркем қырынан ашыла түскен.

Сезімнің анасы Әсем Нұрланқызы перзентінің мобилографияны қолға алғанына көп болмағанын айтады.

- Қызымның бұл салаға қызығушылық танытқанына көп болған жоқ. Жаңа оқу жылынан бастап сыныбында мобилографияны жауаптанып алды. Содан бері оның қызығушылығы арта түсті, - дейді ол.

Анасының айтуынша, көрме аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өтетін «Қызғалдақтар симфониясы» байқауы аясында қолға алынған. Көрмеге Сезімнің  10-ға жуық картинасы қойылған. 

- Фотокөрме тек табиғаттың сұлулығын көрсетіп қана қоймай, қарапайым ұялы телефонның көмегімен де әсерлі әрі жанды фотосуреттер жасауға болатынын дәлелдейді. Жас мобилографтың жұмыстары туған жерге деген сүйіспеншілікті және қарапайым дүниелерден әсемдікті көре білуді көрсетеді, - дейді ұстаздары.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көрмелер оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және фотосурет өнеріне қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Әсіресе қашықтықтан оқу кезеңінде мұндай бастамалардың маңызы зор. Қызғалдақтарға арналған көктемгі фотожинақ таланттың, байқағыштықтың және табиғатқа деген сүйіспеншіліктің нағыз өнерге айнала алатынын айқын көрсетеді.