АҚШ-та алимент бойынша қарызы бар азаматтардың төлқұжаты жойылады
АҚШ Мемлекеттік департаменті бүгіннен бастап алимент бойынша қомақты қарызы бар ата-аналардың төлқұжатын жоюды бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press сілтеме жасап.
Бұған дейін төлқұжатын жою тек оны ұзартуға өтініш бергендерге ғана қатысты болатын. Енді құжат иесінің өтінішіне қарамастан, алдын ала тәртіппен — проактивті түрде алынатын болады.
— Біз алимент өндіріп алуда тиімділігін дәлелдеген тәжірибені кеңейтіп жатырмыз. Қарыз өтелген сәтте ата-аналар қайтадан төлқұжатын пайдалана алады, — деді консулдық мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшының көмекшісі Мора Намдар.
Ведомство дерегінше, бағдарлама 1998 жылы іске қосылғаннан бері штаттар шамамен 657 млн доллар өндіріп алған, оның ішінде соңғы бес жылда 156 млн доллардан астамы біржолғы төлемдер арқылы түскен.
Төлқұжаттары жарамсыз деп танылған азаматтарға құжаттың шетелге шығуға жарамсыз екені туралы хабарлама жіберіледі. Егер адам шетелде жүрген кезде құжаты бұғатталса, ол АҚШ елшілігіне немесе консулдығына жүгініп, елге қайту үшін жедел жол жүру құжатын ала алады.