Полиция Павлодар тұрғындарын балалардың мінез-құлқын бақылауға шақырды

Полиция Павлодар тұрғындарын балалардың мінез-құлқын бақылауға шақырды
Фото: Pexels.com/MART PRODUCTION

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ерекше назар аударуды қажет ететін бірнеше белгілерді анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреспен қатар, жасөспірімдер мен жастардың есірткіге тартылуының алдын алуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда ата-ананың баланың күнделікті мінез-құлқына назар аударуы маңызды.

Облыстық полиция департаменті есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының дерегінше, жыл басынан бері өңірде есірткінің заңсыз айналымына байланысты 176 құқық бұзушылық анықталған. Оның 95-і ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатады. Есірткі өткізуге қатысты 80 факт тіркеліп, 70 адам ұсталған. Олардың арасында үш кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Екеуі Павлодар мен Екібастұздағы колледждердің студенттері болса, тағы бір жас жігіт ауылдық жердегі мектепті тәмамдап, колледжге түсу үшін қалаға келген.

- 2026 жылдың тоғыз айында есірткі заттарын насихаттайтын және олардың заңсыз айналымына ықпал ететін 1830 интернет-материал бұғаттауға жолданған. Заңсыз айналымнан 412 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 14 келіден астамы синтетикалық есірткі, - дейді Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Темірғалиева.

Алайда мамандардың пікірінше, есірткіге қарсы профилактика полиция назарына адам іліккеннен әлдеқайда бұрын басталуы керек. Бұл ретте ата-ананың баласының мінез-құлқына күнделікті көңіл бөлуі маңызды. Ирина Темірғалиеваның айтуынша, ата-аналар баланың мінез-құлқындағы әдеттен тыс өзгерістерге назар аударуы қажет.

- Мәселен, жасөспірім бұрынғыдан гөрі тұйықталып, жалғыз қалуға ұмтылса, отбасымен араласудан қашса немесе достарының ортасы күрт өзгерсе, мұны елемеуге болмайды. Ұйқы режимінің өзгеруі де назар аударуды қажет етеді. Мысалы, бала күндіз көп ұйықтап, түнде сергек жүре бастаса, оның себебін анықтап, баламен сөйлескен жөн, - дейді полицей.

Баланың жеке заттарының арасынан бұрын болмаған дүниелердің пайда болуы да ата-ананы ойландыруы мүмкін. Маман ықтимал белгілердің қатарында zip-lock бекітпесі бар шағын пакеттерді, түрлі түсті оқшаулағыш таспаны, шағын электронды таразыларды атап отыр.

Дегенмен мұндай белгілердің біреуі ғана жасөспірімнің есірткі қолданатынын немесе тарататынын білдірмейді. Сондықтан ата-ана бірден айыптап немесе жазалауға асықпай, баланың мінез-құлқындағы өзгерістердің себептерін түсінуге тырысқаны маңызды.

Мамандар ата-аналарға баламен сенімді қарым-қатынас орнатуға кеңес береді. Жасөспірім қиын жағдайға тап болған кезде ата-анасына қорықпай айтып, көмек сұрай алуы керек. Отбасындағы ашық әңгіме баланың ортасындағы, интернеттегі немесе күнделікті өміріндегі мәселелерді ертерек байқауға мүмкіндік береді.

Егер ата-ананың баласына қатысты күдігі немесе алаңдаушылығы болса, мәселені өз бетімен шешуге тырыспай, мамандардың көмегіне жүгінуге болады. Өңірде психологиялық және консультациялық көмек көрсететін сенім қызметтері жұмыс істейді. Ирина Темірғалиева ата-аналарды баланың бойындағы өзгерістерді проблема анық байқалған кезде ғана емес, күнделікті өмірде де бақылауға шақырды.