Алматылық әйелді павлодарлық полицейлер не үшін жазалады?
41 жастағы әйелдің бір ауыз сөзі оның үстінен іс қозғауға түрткі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодарда полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында парақшасында балағат сөздер қолданған әйелді анықтады. Ол Алматы қаласының 41 жастағы тұрғыны Шынар Акаева болып шықты.
Әлеуметтік желіде балағат сөздер қолданған әйел ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Полиция өкілдері әлеуметтік желілерде, соның ішінде тікелей эфир кезінде жарияланатын заңға қайшы контент назардан тыс қалмайтынын ескертеді. Мұндай әрекеттерге қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.