Ақсу қаласында жылу жүйелері сынақтан өтеді

Ақсу қаласында жылу жүйелері сынақтан өтеді
Константин Шелковтың фотосы

Шаһарда алдағы жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық жылу жүйелерінің техникалық жағдайын бағалау мақсатында 2025 жылғы 11–13 тамыз аралығында магистральдық және кварталдық жылу желілерінде гидравликалық сынақтар жүргізіледі. Бұл туралы «Теплосервис-Ақсу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны хабарлады.

Гидросынақтардың басты мақсаты – құбыр жүйелерінің қысымға төзімділігі мен тығыздығын тексеру. Қала бойынша бірқатар мекемелер мен тұрғын үйлердің жылу тораптары уақытша тоқтатылып, сынақ кезінде бақылауға алынады.

– Сынақ жүргізу кезінде №1, 2, 3 және 4 жапқыш арматуралары толықтай жабылуы тиіс, – деді кәсіпорын өкілдері. –  Егер арматураның тығыздығы жеткіліксіз болса, арнайы тығын орнатылады. Сонымен қатар, сынақ кезінде жылу трассаларында және жылу камераларында кез келген техникалық жұмысқа уақытша тыйым салынады. Бөгде адамдардың да бұл учаскелерге өтуіне жол берілмейді.

Коммуналдық мекеме сынақтар кезінде ақау немесе зақымдану анықталса, тұрғындардан дереу диспетчерлік қызметке хабарласуды сұрайды. Байланыс нөмірлері: 6-15-92, 8 708 466 65 71.

Сынақтар аяқталғаннан кейін, анықталған ақауларға байланысты ыстық сумен жабдықтау кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі.

Жауапты мекеме тұрғындарды уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырып, бұл шаралардың барлығы қысқы маусымда  үздіксіз жылумен қамту мақсатында жасалып жатқанын еске салады.