Ақсу ферроқорытпа зауытындағы жазатайым оқиғадан жұмысшы қаза тапты

Ақсу ферроқорытпа зауытындағы жазатайым оқиғадан жұмысшы қаза тапты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қайғылы жағдайға байланысты тергеу басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ақсу ферроқорытпа зауытының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқыс оқиға  20 сәуір күні орын алған. 

- Зауытта металл ұсақтау кезінде жазатайым оқиға болды. Салдарынан темір ұсатушы оқиға орнында қаза тапты. Оқиға туралы мемлекеттік органдарға хабарланды, - делінген хабарламада.

«Қазхром» ТҰК» АҚ басшылығы қаза тапқан қызметкердің отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Компания марқұмның отбасына қажетті көмек көрсететінін жеткізді.

Осы іске қатысты Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті де арнайы мәлімдеме жасады.

– 20 сәуір күні шамамен сағат 15:00-де Ақсу ферроқорытпа зауытының №1 балқыту цехында (дайын өнім қоймасы, ұсақтау және фракциялау торабы) металды ұсақтау жұмыстарын жүргізу кезінде адам өліміне әкелген жазатайым оқиға орын алды. Зардап шеккен – 2002 жылы туған азамат. Ол зауытта ұсатушы болып жұмыс істеген. Мамандығы бойынша еңбек өтілі 2 жыл 4 айды құрайды, - делінген департамент берген ақпаратта.

Қазіргі уақытта арнайы тергеу жүргізілуде.