Ақсу ферроқорытпа зауытының базасында бірегей біліктілікті тану орталығы ашылды
Кешен кәсіпорын қызметкерлеріне қайта даярлаудан өтіп, кәсіби деңгейін арттырып, заманауи дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа орталық халықаралық стандарттарға сай құрылып, жұмысшы мамандықтар бойынша мамандар даярлауға қажетті барлық жағдайды біріктіреді. Мұнда біліктілікті растауға ғана емес, сонымен қатар мұнаралы кранды басқару, әртүрлі деңгейдегі дәнекерлеу жұмыстары, күрделі өндірістік жабдықтарды жөндеу және биіктікте құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау сияқты бағыттар бойынша шеберлікті шыңдауға да болады.

Оқыту форматы теория мен тәжірибені шебер ұштастырып, өндірістік жағдайларды барынша нақты бейнелейді. Кран машинисінің тренажерында табиғи көлемдегі орындық пен басқару пульті орнатылған, ал алып экран кабинадан көріністі толықтай имитациялайды.
Биікте жұмыс істеуге арналған стенд көтеру құрылғыларымен, бекіту тетіктерімен, карабиндер мен тарту белдіктерімен жабдықталған, бұл шынайы жұмыс жағдайларын қауіпсіз түрде пысықтауға мүмкіндік береді.

Дәнекерлеу және жөндеу жұмыстары интерактивті форматта, виртуалды дулығалар мен басқару джойстиктерін пайдалану арқылы өтеді – мұнда виртуалды шындық технологиясы нақты өндірістік ортаны дәл бейнелеуге көмектеседі.
– Мұндай бастамалардың табысы бизнес пен білім беру жүйесінің тығыз ынтымақтастығынсыз мүмкін емес. Дәл осы кәсіпорындар мен оқу орындарының әріптестігі кадрларды үздіксіз даярлау экожүйесін қалыптастырады – кәсіби оқытудан бастап біліктілікті бағалау мен тануға дейін, – деді орталықтың ашылу салтанатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.

Оның айтуынша, мұндай орталықтар халықаралық стандарттарға сай және шетелдік ұйымдармен серіктестікте жұмыс істейтін бірыңғай желінің бөлігіне айналады. Олардың қызметі негізгі өнеркәсіптік өңірлерді қамтуды кеңейтіп, кәсіпорын қызметкерлеріне жаңа мүмкіндіктер беріп, олардың біліктілігінің ел ішінде де, шетелде де мойындалуына ықпал етеді.
– Ақсудағы бүгінгі ашылудан бөлек, жыл соңына дейін тағы екі осындай орталық ашу жоспарланып отыр – Ақтөбе облысының Хромтау қаласында және Қостанай облысының Рудный қаласында, – деп атап өтті Асқар Биахметов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталық барлық ниет білдірушілерге ашық: тек ERG қызметкерлеріне ғана емес, басқа кәсіпорындардың мамандарына, студенттер мен колледж түлектеріне де қолжетімді. Заманауи технологиялар, тренажерлар, VR-аймақтар мен цифрлық симуляциялар оқыту процесін барынша шынайы және түсінікті етеді – болашақ мамандар нақты өндірістік ортада жұмыс істегендей тәжірибе жинақтайды.

– Бұл – алғашқы қадам ғана. Біз әзірге төрт мамандықтан бастаймыз, бірақ дәл осы жерден колледждер мен жоғары оқу орындарында әлі оқытылмайтын жаңа мамандықтар бойынша оқыту мен біліктілікті тануды бастаймыз деп үміттенеміз, – деді ERG компаниясының персонал және мәдениет жөніндегі бас директордың орынбасары Анастасия Круч.
Оның айтуынша, қазір өндіріс саласына көптеген цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр, ал бұл қызметкерлерден анағұрлым жоғары дағдылар мен терең білімді қажет етеді. Сол себепті компания осы бағытты дамытуға ерекше көңіл бөлмек. Анастасия Кручтың сөзінше, бұл ретте Еңбек министрлігінің қолдауы аса маңызды, өйткені біліктілік сертификатын беру үшін мамандық ресми түрде танылуы тиіс.

ERG өкілі сондай-ақ қазіргі таңда министрлікпен бірлесіп жаңа кәсіби стандарттар әзірленіп жатқанын айтты. Мысалы, олардың бірі – бұрын болмаған «пилотсыз тау-кен техникасының операторы» мамандығы. Болашақта осындай жаңа кәсіптер ресми бекітіліп, дәл осы немесе өзге біліктілікті тану орталықтарында оқыту мен сертификаттау жүргізілмек.
Ақсу ферроқорытпа зауытындағы «Казхром» Трансұлттық компаниясы базасында Біліктілікті тану орталығының ашылуы – бұл Қазақстандағы адами капиталды дамытудағы, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудағы және болашақтың бәсекеге қабілетті индустриялық ортасын қалыптастырудағы маңызды қадам.