Павлодарлық кәсіпорын тәлімгерлері жас мамандармен жұмыс істеуді үйренді

Екі күндік семинарды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданының Кемеңгер ауылындағы «Ертіс» аграрлық колледжінде «Тәлімгерлік мектебі» жобасы аясында семинар өтті. Бұл шарада кәсіпорындардың 28 тәлімгері ауыл шаруашылығы саласындағы жас мамандармен тиімді жұмыс істеу әдістерімен таныстырылды.
Семинарды сертификатталған жаттықтырушы-мультипликатор, Астанадан келген Ләззат Шонаева басқарды. Оқыту барысында колледждер мен бизнес субъектілерінің өкілдері өнеркәсіптік кәсіпорындарда қызмет атқаратын тәлімгерлерді жаңа әріптестерімен жұмыс істеуге дайындау мәселелерін талқылады.
Семинардың негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдардың қызметкерлерін оқыту және тәлімгерлік дағдыларын жетілдіру болды.
Белсенді қатысушыларға ұлттық палата арнайы әзірлеген «Жұмыс орнындағы оқыту тәлімгерінің кітабы» табыс етілді, ал барлық қатысушылар облыстық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ажар Әбілғазинаның қолынан сертификат алды.
– Ауылдан қалаға халықтың көшіп-қонуы және ауылдағы жұмысшы мамандықтардың жетіспеушілігі жағдайында, ауыл шаруашылығы бизнесі үшін осындай семинар ерекше маңызды. Өз ұйымдарыңызға қызметкерлерді тарту үшін тағы бір мүмкіндік бергеніңізге алғысымыз шексіз, – деді жобаға қатысушы, «Ертіс-Агро» ӘКК төрағасының орынбасары Тимур Аспанов.
Павлодарлық ӨКП директоры Ерқанат Әбенов жыл сайын өңір кәсіпорындарының тәлімгерлері үшін осындай бірнеше семинар өткізіп, тыңдаушылардың оқыту барысында алған білімдері мен дағдылары құнды екенін атап өтті.