Ақсу мен Екібастұзда фермер базарлары салынады
«Егіс даласынан сөреге дейін» қағидаты бойынша облыстағы алғашқы мамандандырылған фермерлер базары қарқынды жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
– Осындай фермерлер базарларын Екібастұз және Ақсу қалаларында да салу жоспарлануда. Агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты өсу қарқыны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыруға оң әсер тигізеді, – деді облыс әкімі Асайын Байханов ӨКҚ-да өткен баспасөз конференциясында.
Сондай-ақ аймақ басшысының айтуынша, азық-түлік тауарларының 11 түрі бойынша Павлодар облысындағы баға республика бойынша орташа деңгейден төмен. Бұған 14 мың тонна өніммен қамтамасыз ететін облыстың тұрақтандыру қоры көмектесіп отыр. Бұл өнімдер 273 серіктес дүкен арқылы сатылады.
– Жалпы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Егіс алқабы 1,6 миллион гектарға дейін өсті, бұл өткен маусымға қарағанда 50 мың гектарға артты. Суармалы жерлердің көлемі биыл 9 мың гектарға ұлғаяды. Айналымға 137 мың гектардан астам пайдаланылмайтын ауыл шаруашылық жерлері қайтарылды, – дейді облыс әкімі.
Әкімнің айтуынша, былтырғы жылмен салыстырғанда ауылдардағы жайылым тапшылығы екі есе қысқартылған.