Ақсудағы жылу трассасын реконструкциялау жобасы әкімнің сынынан кейін қайта қаралады

Трубаларды көтеріп орнату жоспарланған еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Ақсу қаласында гидравликалық сынақ кезінде ақаулар анықталған ЖМ 1/1 жылу магистралі учаскесінің реконструкциясымен танысты. Бригадалар құбырларды ауыстырып, қозғалмайтын тіректерді қалпына келтіру және компенсаторлар орнату жұмыстарын атқаруы тиіс.
Магистральдің ұзындығы – 1150 метр, құбырлардың диаметрі – 720 миллиметр. Жоба бойынша жылу мамандары топырақ асты төсемінен жер үсті төсеміне көшуді жоспарлаған. Мұны олар жер асты суларының жоғары деңгейімен түсіндірді – осылайша құбырлар су ішінде жатпайды. «Теплосервис» директоры Вадим Ковальчуктың айтуынша, жоба мен смета дайын, материалдар жеткізіліп жатыр. Алайда өңір басшысы бұл шешімнің орындылығына күмән келтірді.
– Жер асты сулары дерлік барлық жерде бар. Мұнда құбырларды бұрандалармен орнатып, жылжымалы тіректер қойған, ал компенсаторлар қарастырылмаған. П-тәрізді компенсаторлар қозғалмайтын тіректердің арасына орнатылады, ол құбырдың еркін ұзаруы мен қысқаруын қамтамасыз етеді. Егер олар болмаса, жүктеме дұрыс бөлінбейді, конструкция істен шығады. Ұзындығы 1,5 шақырым құбыр қызған кезде бес метрге дейін ұзаруы мүмкін. Егер ол екі жағынан қозғалмайтын тіректермен бекітілсе, ұзару өтелмейді, құбыр тіректерге қысым түсіріп, олардың бұзылуына әкеледі, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, жер үсті төсеміне көшу туралы шешім құбырдың қызмет мерзімін ұзартуға да байланысты. Бұл құбыр он жылдан бері пайдаланылып келеді.
Облыс әкімі жобалаушылар мен жауапты тұлғаларға жобаны қайта келісіп, қажетті түзетулер енгізуді тапсырды.
– Жобаның құны аз емес – 2,8 миллиард теңге. Екі құбырды ауыстыру, төрт компенсатор орнату және үш қозғалмайтын тіректі қалпына келтіру жоспарланған. Өндірістік жұмыстардың кестесі әлі күнге дейін неге жоқ? – деп наразылық білдірді Асайын Байханов.
Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, құбырлар жеткізіліп жатыр, учаскені ашу жұмыстары басталған, монтаж шамамен он күнге созылады.
– Ең аз дегенде 1-5 қыркүйек аралығында құбырдың бүтіндігін қамтамасыз ету қажет. Тротуарлардың бұзылмауы және ағаштардың зақымданбауы маңызды. Құбырды жуу мен сынау зертханалық түрде тексеріледі, барлық дәнекерлеу жіктері бақылауда болады. Күн сайын ақпаратты, құбырларға төлем жасалғанын растайтын құжаттарды және П-тәрізді компенсаторлардың өлшемдері көрсетілген сызбасын ұсынуды тапсырамын, – деп қорытындылады облыс әкімі.
Сондай-ақ Асайын Байханов техникалық сызбаларды қоса алғанда, толық өзгертілген жобаны ұсынуды міндеттеді.