Павлодарда қоғамдық құтқарушылардың дайындығы сөз етілді
Олардың жұмысы туралы облыс әкімі Асайын Байхановқа аппараттық жиында баяндалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Әмриннің мәліметінше, оқиға шомылуға арналмаған аумақта болған. Ақсу қаласындағы Белая өзенінің акваториясын тексеру кезінде, қоғамдық құтқарушылар суға батып бара жатқан екі адамды дер кезінде байқап, жағаға шығарып үлгерген.
– Аталмыш жағдай құтқару бекеттері мен қоғамдық құтқарушылардың болуы нақты нәтиже беретінін көрсетті, – деді Павлодар облысы ТЖД бастығы Рустамбек Әмрин.
Аймақта судағы қауіпсіздік мәселесі ерекше назарда. Өңір аумағында 140-тан астам өзен мен мыңнан аса шағын көл бар. Жаз мезгілінде тұрғындардың су айдындарында демалуға сұранысы артады.
Өткен жылы облыста суға батып кетудің 14 дерегі тіркелген. Оның екеуі – балалар. Барлық қайғылы оқиғалар шомылуға арналмаған орындарда болған. Бір бала Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылдық округіндегі каналға түсіп кетсе, екіншісі Солнечный кенті маңындағы техникалық мақсаттағы Шандақсор көлінде қаза тапқан.
Облыс әкімі Асайын Байханов балалар қауіпсіздігі мәселесінде ата-аналардың жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті.
– Балалар қауіптің деңгейін әрдайым толық түсіне бермейді. Сондықтан олардың көзін ашып, су айдындарындағы қауіп туралы үнемі түсіндіру қажет. Бірақ бірінші кезекте жауапкершілік ата-ананың мойнында. Әсіресе жаз мезгілінде балалардың қайда жүргенін, кіммен жүргенін бақылау маңызды, – деді өңір басшысы.
Білім беру ұйымдарында бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Әбенованың айтуынша, мамыр айында барлық мектептерде бұл тақырып бойынша ата-аналар жиналыстары өткен еді.
– Жиналыстарға полиция қызметкерлері, медицина мамандары және төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысты. Ата-аналарға судағы және жолдағы қауіпсіздік туралы бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар «Қауіпсіз су айдыны», «Қауіпсіз терезе», «Қауіпсіздік аттракционы» акциялары ұйымдастырылып жатыр, – деді ол.
Қазіргі таңда облыста 45 ресми демалыс орны белгіленген. Оның 29-ы коммуналдық, 16-сы жекеменшік нысан. Алайда жеті жағажай әртүрлі себептерге байланысты биыл жұмыс істемейді. Кей жерлерде су деңгейі жоғары болса, енді бірінде жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Павлодар облыстық ТЖД жүргізген талдау нәтижесіне сәйкес, суға кету оқиғаларының 60 пайызы Ертіс өзенінде тіркелген. Ең жоғары қауіп Екібастұз өңірінде байқалады. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі арнайы жабдықталмаған орындарда болады.
– Статистика көрсеткендей, балалардың суға кетуіне көбіне арнайы шомылу орындарының жоқтығы әсер етеді. Ал ересектер арасындағы қайғылы оқиғалардың шамамен 70 пайызы алкогольдік ішімдік ішуге байланысты. Осы уақытқа дейін үш құтқару операциялары ұйымдастырылды. Екеуі мәресіне жетті, біреуі Тереңкөл аумағында әлі жалғастырылуда, – деді Рустамбек Әмрин.
Аппараттық жиында жағажайлардағы медициналық қызметтің жеткіліксіздігі де көтерілді. Павлодар облысының әкімі кейбір демалыс орындарында медициналық бекеттердің жоқ екенін атап өтіп, адам көп жиналатын жағажайларда медицина қызметкерлері мен құтқарушылардың тұрақты кезекшілігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Павлодар облысында судағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында биыл 62 қоғамдық құтқарушы оқытылған. Мамандар жазғы демалыс кезінде тек рұқсат етілген жағажайларда шомылып, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.