Ақсуда ұлы ақынның поэзиясы мен әндері көпшілікке тарту етілді

Ақсуда ұлы ақынның поэзиясы мен әндері көпшілікке тарту етілді
Фото: Ақсу әкімдігі ұсынды

«Абай рухы – ашық аспан астында» атты ауқымды мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше, жаңа форматтағы төрт бөлімнен тұратын танымдық шарада алғаш рет Алматы қаласынан келген Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері мен жергілікті өнерпаздары сахнаға шықты. Кеште Абай әндерімен қатар, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан Абай, Әзім, Айдар, Ажар ариялары және Айдар мен Ажар дуэті орындалды. Сондай-ақ, ақын өлеңіне жазылған Қазақстанның кәсіби композиторларының ән-романстары мен әлем классикалық музыкасының жауһарлары тыңдарманға тарту етілді.

Театр солистерінің әрбір туындысы – Абай әлемінің биіктігі мен мәңгілік мұрасының тереңдігін айшықтаған музыкалық шежіреге айналды. Ақсулық көрермен өнер саңлақтарының шеберлігіне тәнті болып, қазақ руханиятының асыл қазынасына тағзым етті.

Игі шараға Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов қатысып, Абай мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге кеш аясында «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста...» атты Хәкімнің қарасөздерінен бейнеролик жасаушылар арасында өткен республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Байқауға Жетісу, Жамбыл, Ақмола облыстары мен Павлодар өңірінен үміткерлер қатысқан. 

Бас жүлде — «Мойылды» шипажайына жолдама Павлодар қаласынан келген радио жүргізуші Елдос Төлеубаевқа табыс етілді. Барлық лауреаттар Абай идеяларының қазіргі ұрпақты әлі де шабыттандыратынын айқын дәлелдеді. Өзге жеңімпаздарға да бағалы сыйлықтар берілді.

Кеш барысында қала тұрғындары сөз бен саздың үйлесімін сезініп, Абайдың қарасөздері мен әуезді әндерінің рухани байланысына куә болды. Соңында көрермендер өнер иелеріне ыстық ықыласын білдіріп, жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігін ерекше атап өтті.

Өнер мен руханият тоғысқан бұл тағылымды кеш Ақсу жұртшылығына ұмытылмас рухани сый болды.