Ақсуда «өзіне қол салмақ болған» әйелдің басы бәлеге қалды
Қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күн сайын жүздеген қоңырау түседі. Жедел қызметтер әр хабарламаға жауап береді, дегенмен кейбіреулер жалған ақпарат беру арқылы көңіл көтеріп жатқанда, біреуге көмек қажет болуы мүмкін сәттер болады.
– Ақсу қаласында бір пәтерде әйел адам ішімдік ішіп алып, шұғыл қызметке қоңырау шалған. Ол өзіне қол салғысы келетінін айтты. Полиция қызметкерлері дереу аталған мекенжайға барды. Тәртіп сақшылары бұл факті расталмағанын, ал әйел бұл оқиғаны эмоционалды күйзеліске ұшырағаннан және аздап ішкендіктен, ойлап тапқанын анықтады, – деп хабарлады департаментте.
Арнаулы қызметтерді көрінеу жалған шақыру фактісі бойынша 30 жастағы қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 110 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыстың 319 тұрғыны арнаулы қызметтерді жалған шақырғаны үшін жауапқа тартылды.