Ақсуда алдағы жылыту маусымына дайындық қызу үстінде

Екі жылдық жоспар бойынша бес шақырымға созылатын желілер реконструкциядан өтуі тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл Ақсуда жылыту маусымына дайындық аясында жалпы көлемі 4,9 шақырым кварталішілік және магистральдік жылу желілерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Асайын Байханов қалаға барған сапары кезінде жұмыс қарқынын тексерді.
– Өткен жылы 3, 9 шақырым кварталішілік және магистралдік желілер жөнделді, ал биыл 1,1 шақырым қайта құрылады. Бүгінде 990 метр құбыр жаңартылды, жұмыстар 98 пайызға аяқталды. Диаметрі де ұлғайтылды. Бұл бізге апатты азайтуға мүмкіндік береді. Апаттық учаскелерде зақымдану көп болды. Қайта құру жұмыстары беріктікті арттыру және гидравликалық режимдерді жақсарту үшін жасалуда, – деді «Теплосервис – Ақсу» КМК директоры Вадим Ковальчук.
Ал жаңа қазандықты іске қосу мәселесі бойынша әлі да кедергілер бар. Асайын Байхановтың сөзінше, жаңа қазандықты қосу бойынша әңгіме 2017 жылдан күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
– Техникалық тұрғыдан қазандық сияқты объектілерді қабылдау және пайдалануға беру көктемде жылыту маусымы аяқталғанға дейін немесе күзде жылыту маусымы басталғанға дейін жүргізіледі. Жүйені қайта қарастыру керек. Біздің талап – қазандықтар жұмыс істеп, жылу энергиясы бойынша қажетті қуат беретіндей дымқыл күл шығару жүйесін қайта қарастыру. Ақсу ферроқорытпа зауыты жанындағы РОК-2 қалалық қазандығы қаланы жылытуды жалғастырады. Біз РОК-пен жұмыс жасаудамыз, қуат жеткілікті. Олар толық қайта құруды жүзеге асыруда, – деп атап өтті облыс әкімі.
Оның сөзінше, үйлер, әлеуметтік нысандар салынып, қала өсіп келе жатқандықтан, жаңа қазандықтың қажеттілігі өте жоғары, өйткені жаңа абоненттерді қосу үшін жылу энергиясының жетіспеушілігі болады. Сондықтан қосымша қуаттарды енгізу қажет. Ал әкімдік жаңа қазандықты ол тиісті параметрлерді бермейінше қабылдамайды.
Бұл ретте 2025 жылға уағдаластық бойынша ERG акционерлері РОК-ты қайта жаңартуға 3 миллиард теңге өз қаражатын бөледі. Олар екі қазандықтың күрделі, тағы екеуінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді.