Ақсуда бассейні бар заманауи спорт кешені салынуда

Ақсуда бассейні бар заманауи спорт кешені салынуда
Фото: Константин Шелков

Нысанды 2026 жылдың тамыз айының соңында пайдалануға беру көзделіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласында салынып жатқан бассейні бар спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты. Аталған жоба өңір тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Нысанның бас мердігері ретінде «100 машин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған. Құрылысқа техникалық қадағалауды «ERG сервистік орталығы» ЖШС жүзеге асыруда. 

Спорт кешенінің жалпы құрылыс алаңы 1600 шаршы метрді құрайды. Келісімшарттың жалпы құны – бір миллиард 302 миллион теңге. Жобада душ және киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, көрермендер аймағы, химиялық препараттарды сақтауға арналған арнайы орынжайлар, лифт, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға толық бейімдеу қарастырылған.

Кешеннің басты нысаны – заманауи жүзу бассейні. Оның өлшемі 25×15 метр, алты жолақтан тұрады. Жолақтардың бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Бассейн тостағанының көлемі 600 текше метрді құрайды. Сонымен қатар аумақты абаттандыру аясында 830 шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, көше жарығы орнатылады.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы қараша айында басталған. 

– Бүгінгі күні, негізгі құрылыс материалдарының 70 пайызы жеткізілді, сондай-ақ сүзгілеу жабдықтарын жеткізетін компаниямен келісімшарттар жасалған. Жоспарға сәйкес, нысанды 2026 жылдың тамыз айының соңында пайдалануға беру көзделіп отыр, – деді мердігер компанияның өкілі.

Аймақ басшысы Асайын Байханов құрылыс сапасына және нысанның сәулеттік келбетіне ерекше назар аударды. Ол спорт кешенінің қасбетін көріктендіру қажеттігін атап өтіп, Баянауыл ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін үлгі ретінде алуды ұсынды. Сонымен қатар әкім бассейнге орнатылатын көтергіш құрылғының электрлі нұсқасына қатысты ескерту жасап, оның болашақта жиі істен шығу қаупі бар екенін айтты.

Өз кезегінде «100 машин» ЖШС учаске басшысы биыл кірпіш қалау жұмыстары жалғасатынын, ғимараттың екі корпусқа бөлініп салынатынын жеткізді. Оның айтуынша, бассейн тостағаны орналасқан бөлігінде сэндвич-панельдер қолданылса, екінші бөлігінде жұмсақ шатыр жабындысы қарастырылған. Құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес әрі қарай жалғасатын болады.

Айта кетейік, жаңа спорт кешені пайдалануға берілгеннен кейін Ақсу қаласы тұрғындары үшін спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасап, қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына серпін бермек.