Ақсуда ерекше балаларға мерзімі өтіп кеткен тәттілер таратылған
Әлеуметтік желіде кәсіпорындардың бірі ерекше балаларға мерзімі өтіп кеткен тәттілер таратқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Кеше балаларға арналған шырша болды. Көңіл күйіміздің бұзылғаны және мерзімі өтіп кеткен тәттілер үшін рахмет. Біздің балаларымыз ерекше болғаны үшін оларға осындай бұзылған тәтті беруге бола ма? Салып жатқан кезде қарауға болмады ма? – дейді желі қолданушысы.
Ақсу қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұловтың айтуынша, мерзімі өтіп кеткен тәттілерді жабдықтаушы жеткізген.
– Мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Олар сегіз жылдан бері сыйлықтар әкеледі және мұндай болған емес. Кәмпиттердің қатты болуы мен мерзімдерінің өтіп кетуі ата-аналардың ашуын тудырды, – дейді Қайрат Смағұлов.
Бөлім басшысы шағымдардан кейін тәттілердің қаптамасының сыртында жаңадан жарамдылық мерзімі жабыстырылғанын көргенін айтады. Бұдан кейін ата-аналармен Zoom арқылы жиналыс өткізіп, олардан кешірім сұраған.
– Сыйлықтардың жарамдылық мерзімін тексермегенім үшін өз кінәмді мойындаймын. Бұл – ерекше балалар. Тіпті, осылай болады деп ойламаған едім. Бұған қоса, сыйлықтарды ертерек емес, шырша мерекесі таяп қалған кезде жеткізді, – дейді Қайрат Смағұлов.
Айтуынша, ерекше балаларға арналған мұндай ертеңгіліктерде жыл сайын театрландырылған қойылым ұйымдастырылады, сыйлықтар беріледі.
– Қала бойынша барлығы 291 ерекше бала бар және кәсіпорын барлық ерекше балаларға сыйлықтар береді, – дейді ол.
Бөлім басшысы алдағы күндері сыйлықтар ауыстырылатынын мәлім етті.