Ақсуда шығармашылық ансамбльдердің есептік кеші өтті

Ақсуда шығармашылық ансамбльдердің есептік кеші өтті
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында халықтық «Ақ ниет» вокалдық ансамблі мен «Достар» балалар вокалдық ансамблінің есептік концерті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екі шығармашылық ұжымға да музыкант әрі педагог Әсия Еселбаева жетекшілік етеді. Концерт барысында ансамбльдердің шығармашылық жолы, жетістіктері мен байқаулардағы жеңістері туралы бейнероликтер көрсетілді.

«Ақ ниет» халықтық вокалдық ансамблі қазақтың ұлттық ән өнерін дәріптеп келе жатқан өңірдегі танымал ұжымдардың бірі. Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанған ансамбль келесі жылы 30 жылдық мерейтойын атап өтпек. Ұжым репертуарында халық әндері мен заманауи композиторлардың туындылары бар.

Ал 2021 жылы құрылған «Достар» балалар вокалдық ансамблі аз уақыт ішінде түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып, шығармашылық жетістіктерімен көзге түсіп үлгерді.

Концерттің арнайы қонағы ансамбльдің түлегі, қазіргі таңда Павлодар музыкалық колледжінде білім алып жүрген саксофоншы Еркін Адай болды. Оның музыкаға деген қызығушылығы отбасынан бастау алған. Еркіннің әжесі кезінде «Ақ ниет» ансамблінің белсенді мүшелерінің бірі болған.

Кеш барысында көрермендерге вокалдық және музыкалық нөмірлер ұсынылып, өнерпаздар ыстық ықыласқа бөленді. Іс-шара соңында Асия Еселбаеваға Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Сабит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайының алғыс хаттары табысталды.