Ақсулық төрт тұрғын ферроқорытпа өнімдерін ұрлағаны үшін сотталды

Ақсулық төрт тұрғын ферроқорытпа өнімдерін ұрлағаны үшін сотталды
https://polisia.kz/

 Олар Ақсу ферроқорытпа зауытына 5 миллион теңгеден астам шығын келтірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Polisia.kz медиа-порталының мәліметінше, Ақсу қаласының төрт тұрғыны жүк вагондарынан ферроқорытпа өнімдерін ұрлағаны үшін ұсталды. Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Павлодар станциясында жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында Ақсу қаласының төрт тұрғынын анықтады.

 – Ұсталғандар бір топ болып, алдын ала сөз байласу арқылы Ақсу-1 станциясында жүк вагондарынан бірнеше рет ферроқорытпа өнімдерін ұрлаған. Қылмыс жасаған кезде екі күдікті теміржол ұйымының қызметкерлері болған. Қасақана қылмыстық әрекеттердің салдарынан «ТҰК «ҚАЗХРОМ» АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытына 5 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген, – деп жазылған хабарламада. 

Аталған факті бойынша көлік полициясы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 3-бөлігінің 3-тармағы  - «тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік үй-жайларға, қоймаға немесе көлік құралына заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

Ақсу қалалық соты аталған тұлғаларды кінәлі деп танып, мүлкі тәркіленіп, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде үкім шығарды.