Ақтоғайда ауыл медицинасының дамуына өмірін арнаған дәрігердің есімі ұлықталды

Ақтоғайда ауыл медицинасының дамуына өмірін арнаған дәрігердің есімі ұлықталды
Фото: Ақтоғай ауданының дәрігерлік амбулаториясы

Жолболды ауылында бірнеше онжылдық бойы тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, жергілікті аурухананың қалыптасуына үлес қосқан Валентин Немировскийдің құрметіне мемориалдық тақта ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Еске алу шарасына ауыл тұрғындары, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, әріптестері мен жерлестері қатысты. Олардың арасында дәрігердің қызы Оксана Немировская да болды.

Валентин Немировский 1939 жылы Николаев облысының Каменно-Костоватое ауылында дүниеге келген. Қазақстанға алғаш рет 1960 жылы Одессадағы И.И. Мечников атындағы медициналық институттың студенті болып жүрген кезінде келген. Екі жылдан кейін дәрігер дипломын алған соң, оны тың игеруге жұмысқа жіберуді сұраған. Осылайша жас маман сол кездегі Краснокутск ауданындағы Коминтерн атындағы кеңшарға (қазіргі Жолболды ауылы) жол тартады.

Ол кезде елді мекенде жоғары медициналық білімі бар мамандар тапшы еді. Жас дәрігер бірнеше ауылдың тұрғындарына күрделі жағдайда медициналық көмек көрсетті.

Негізгі мамандығы санитарлық-гигиеналық бағытта болғанымен Валентин Павлович терапевт те, хирург те, педиатр да, акушер де болды. Босандырып, ота жасап, балалар мен ересектерді емдеді. Білікті маманның көмегіне жүгіну үшін шалғай ауылдардың тұрғындары да арнайы келетін.

Ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсету үшін заманауи аурухана қажет екенін түсінген дәрігер бірнеше жыл бойы осы мәселені көтеріп, түрлі мекемелерге жүгінді. Нәтижесінде кеңшарда жаңа аурухана кешенінің құрылысы басталды.

1970 жылдары мұнда хирургия және перзентхана бөлімдері, сондай-ақ стационары бар аурухана ғимараты пайдалануға берілді. Валентин Немировский бас дәрігер болып тағайындалып, ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмекті дамыту жұмысын жалғастырды. Еңбегі мен кәсіби жетістіктері үшін «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Валентин Павлович Немировский 2021 жылы 82 жасында өмірден өтті. Жолболды ауылында мемориалдық тақтаның ашылуы – ондаған жылын ауыл медицинасының дамуына арнаған азаматтың еңбегіне көрсетілген құрмет.

Еске алу шарасында Ақтоғай аудандық ауруханасының бас дәрігері Мадина Сабырова сөз сөйлеп, аудан денсаулық сақтау саласының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімін ұмытпай, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.