«Аңсаған сәби»: Павлодар облысында 200-ге жуық сәби дүниеге келген

«Аңсаған сәби»: Павлодар облысында 200-ге жуық сәби дүниеге келген
Фото: Константин Шелков

Биыл бұл қызметті қабылдағандардың саны азайған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Гүлнар Жармакина мәлім етті. 

– Экстрокорпоральды ұрықтандыру процедурасын қабылдау үшін бірнеше құжат қажет болады. Мәселен, отбасы заңды некеде болуы қажет, диспансерлік тізімде болмауы қажет және психатриалық тізімде болмағаны жөн. Егер де жұп заңды некеде болмаса, ер адам келісімшартқа қол қойып, келешекте баланы асырайтыны жайлы құжатпен келісуі керек, – дейді Гүлнар Жармакина. 

Бөлім басшысының айтуынша, 2023 жылы аймақта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде экстракорпоральды ұрықтандыруға 269 квота қабылданды. Павлодар қаласы мен ауылдық аймақтарда – 157 жұпқа, Екібастұз қаласы мен ауылдық аймақтарда – 59 жұпқа, Ақсу қаласы мен ауылдық аймақтарда – 17 жұпқа және қалған 36 квота аудандардағы жұпқа бөлінді. 

«Аңсаған сәби» бағдарламасы енгізілген үш жыл ішінде өңірде 180 бала дүниеге келген. Оның ішінде 2021 жылы – 97 бала, 2022 жылы – 81 бала, 2023 жылдың тоғыз айында екі бала дүниеге келді.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы тапсырылған «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы бойынша Павлодар облысына жоба іске асырылуда.  

Айта кету керек, 2021 жылдан бастап Қазақстанда аталған бағдарлама іске қосылып, экстракорпоралды ұрықтандыруға арналған квоталар көлемі айтарлықтай ұлғайтылды. Мәселен, соңғы үш жылда ғана облысқа 840 квота бөлінсе, 2010-2020 жылдары 335 квота болған. Бүгінде Павлодар облысында квота алуға кезекте 900-ге жуық отбасылық жұп тұр, бұл ретте квота күту 1,5-2 жылға дейін қысқарған.