Алаяқтардың қармағына түскен ақсулық әйел 15 миллион теңгеден айырылды

Алаяқтардың қармағына түскен ақсулық әйел 15 миллион теңгеден айырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алаяқтар өздерін Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақсу қаласының тұрғыны алаяқтардың кезекті айла-амалына тап болды. Белгісіз адамдар 15 миллион теңгеден астам ақшалай қаражатты иемденді.

– WhatsApp арқылы мен жұмыс істейтін зауыттың кәсіподақ комитетінің төрағасынан хабарлама келді. Ол маған белгісіз адамдар менің атыма несие рәсімдегенін жазды. Бір минуттан кейін маған Ұлттық банктің қызметкерлері қоңырау шалып, қолма-қол ақшаны қамтамасыз ету үшін оларды шұғыл түрде алып, шоттарға аударуым керек деп сендірді. Нәтижесінде мен екі банктің депозитінен ақшаны алып, сондай-ақ басқа банкте несие рәсімдеп, берілген түрлі шоттарға аудардым. Барлық талаптарды орындағаннан кейін, мен алаяқтардың қолына түскенімді біліп, полицияға хабарластым, – деді алданған әйел.

Тәртіп сақшылары ақшаға қатысты кез келген ұсыныстарды сыни тұрғыдан қабылдап және маңызды қаржылық шешімдер қабылдауға ешқашан асықпауға кеңес береді. Ешқашан бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді, соның ішінде жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін айтпаңыз немесе жібермеңіз.