Алаяқтар Ақсу тұрғынын масқаралайтын мәліметтерді тарату қатерімен бопсалаған
Олар әйел азаматтан материалдарды жарияламау үшін 20 миллионнан астам теңге алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сот залында аса ірі мөлшерде қорқытып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
– 2021 жылдың мамыры мен 2023 жылдың 13 шілдесі аралығында Ақсу қаласында екі тұрғын азаматшаны масқаралайтын мәліметтерді тарату қатерін төндіріп 23 миллион 939 мың теңгені қорқытып алған, – деп анықтады сот алқасы.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдермен дәлелденді.
Айыпталушылардың бірі өз кінәсін ішінара мойындаса, екіншісі мойындамады.
Сот қылмыскерлердің әрқайсысының соттылығының жоқтығын, біреуінің жағымды мінезделуін және кінәсін ішінара мойындағанын, екіншісінің жасын ескере отырып, 8 жылдан бас бостандығынан айырды.
Қылмыс жасауда пайдаланылған ұялы телефондар мемлекет пайдасына тәркіленді.
Жалпы сомасы 27 миллион теңгеден астам талап қою толығымен қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.