Павлодар мен Маңғыстау облыстарында жаңа жоба арқылы 7,5 мың адам жұмыс тапты

Павлодар мен Маңғыстау облыстарында жаңа жоба арқылы 7,5 мың адам жұмыс тапты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Еңбек министрлігі жұмыс іздеушілерге бос орындарды ұсынудың жаңа тәсілін енгізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы аясында азаматтарға жұмыс табуға көмектесудің жаңа жүйесі іске асырылуда.

Бұған дейін жұмыс іздеушілер мансап орталықтарына өздері жүгінсе, енді мамандар мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер арқылы жұмысқа мұқтаж болуы мүмкін азаматтарды анықтап, оларға көмек ұсынады.

Жаңа қызмет Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы қолжетімді. Азаматтың келісімімен оның білімі, еңбек өтілі мен кәсіби дағдылары көрсетілген цифрлық түйіндеме автоматты түрде жасалады.

Ал жасанды интеллект жұмыс іздеушінің біліктілігіне сәйкес келетін бос орындарды іріктеп, жеке ұсыныстар береді.

Сонымен қатар ЖИ-көмекші азаматтармен ұялы телефон арқылы диалог жүргізе алады. Жұмыс іздеушілер оған өз талаптарын айтып, еңбек жағдайларын нақтылап, бос орындар мен оқыту мүмкіндіктері туралы ақпарат ала алады.

Дегенмен жаңа жүйе тек цифрлық қызметтермен шектелмейді. Мансап орталықтарының мамандары азаматтарға түйіндеме дайындауға, жұмыс берушілермен байланысуға және әңгімелесуге дайындалуға көмектеседі.

Егер адам жұмысқа орналаса алмаса, мамандар оның себептерін анықтап, келесі қадамдарды бірге жоспарлайды.

Министрліктің хабарлауынша, жоба биыл шілдеден бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде екі өңірде 59,2 мың азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шаралары ұйымдастырылып, 7,5 мың адам жұмыс тапқан.

Жыл соңына дейін «Цифрлық жұмыспен қамту қызметін» Қазақстанның барлық өңіріне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.