Аптап ыстық: Павлодар облысында жедел жәрдем шақырту жиіледі
Ыстық күндерде жедел жәрдем шақырту саны 100-ге дейін өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Павлодар облысының жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі мәлім етті.
– Облыста ыстық ауа райына байланысты «103» станциясына жүрек-қан тамырлары аурулары: гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек аритмиясы бар адамдар жиі жүгіне бастады. Сондай-ақ, тыныс демікпесі бар науқастардан қоңыраулар жиіледі, – деп хабарлайды «103» станциясында. – Бұрын тәулігіне 630 шақырту болса, қазір 720-ға жетті. Шақыртулар саны 10%-ға өсті.
Облыстық жедел жәрдем станциясы аптап ыстық кезінде келесідей кеңес береді:
1. Күніне кем дегенде 1,5-2 литр су ішу.
2. Газдалған сусындар мен тәтті, майлы тағамдардан, ішімдіктен бас тарту.
3. Әсіресе сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін мүмкіндігінше далаға аз шығу.
4. Далаға бас киімсіз шықпаңыз.
5. Жеңіл және ақшыл түстес киім киіңіз.
6. Көлеңкеде жүруге тырысыңыз.
Еске сала кетейік, синоптиктер осы аптада облыста қатты ыстық болатыны туралы ескерткен. Соңғы рет мұндай аптап ыстық 30 жыл бұрын болған.
Фото: Константин Шелков