Ардагер шабуылшы «Екібастұзды» тізе бүктірді
Кеншілер футболдан Қазақстан Бірінші лигасындағы көшбасшылықтан айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Біріншіліктің кезекті турында Виталий Спарышев шәкірттері Жезқазғанда жергілікті «Ұлытаумен» кездесті. Команда 2022 жылы негізі қаланып, биыл ғана Бірінші лигаға шыға алды. Бұған қарамастан жезқазғандықтар құрамын біршама нығайтты. Алаң қожайындары сапында Премьер-лига деңгейінде доп тепкен Жасұлан Молдақараев, Мирам Сапанов, Виктор Гунченко, Бауыржан Тұрыспен пен Демият Сламбеков секілді тәжірибелі футболшылар көрінді.
Алаң қожайындары бірден кеншілерді қыспаққа алды. 36 жасар «Ұлытау» шабуылшысы Жасұлан Молдақараев аянбады. Оның жасыл майдандағы іс-әрекеттері «Екібастұз» қорғаушыларының әбден мазасын қашырды. 18-минутта форвард өзі бастаған шабуылды нәтижелі аяқтай білді.
Кеншілер де біраздан соң ес жиып, есепті теңестіре білді. Анатолий Красотин, Асланбек Кәкімов пен Тамерлан Ағымановтар тәуір ойнады. Осы үштік жезқазғандықтар қорғанысын састырды. Қақпада Михаил Голубничий ерлеп тұрды. Ол «Екібастұзды» талай голдан аман алып қалды.
Дегенмен, есеп теңескеннен кейін «Ұлытау» тағы есепте алға шықты. Тағы да сол Жасұлан Молдақараев «Екібастұз» қорғанысының қателігін ұтымды пайдаланып, допты қақпаға дәл көздеді. Есепті теңестеретін сәттерде Асланбек Кәкімов, Тамерлан Ағыманов пен Мирас Тұрлыбекке сәл дәлдік жетіспеді.
Нәтижесінде кеншілер 1:2 есебімен қарсыласқа жол берді. Салдарынан команда үшінші орынға сырғыды. Келесі ойынды Виталий Спарышев команда сырт алаңда «Түркістанға» қарсы өткізеді. Матч 9 мамырда өтеді.