Асайын Байханов ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады
5 қазан – Ұстаздар күні, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айтулы датаға орай өңір басшысы өз құттықтауын жолдады. Онда білім беру саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне еңбегі үшін алғыс білдіріп, ұстаз мамандығының қоғамдағы маңызын атап өтті.
– «Мектептің жаны – мұғалім», – деп жазған еді Ахмет Байтұрсынұлы. Білім саласының жетістіктері туралы сөз қозғағанда, бұл сөздердің мәні бүгінгі күні бұрынғыдан да терең сезіледі. Сіздердің жетістіктеріңізді біз зор мақтанышпен айтамыз. Бүгінде Павлодар облысы – білім сапасы жөнінен еліміздегі алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі. Өткен оқу жылы облыс оқушылардың үлгерімі жөнінен республикада 1-орынға ие болды. Ал өңір құрамасы биыл да «Үздік олимпиадалық команда – 2026» атағын жеңіп алды, - деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі әрбір жетістіктің артында ұстаздардың табанды еңбегі тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, баланың бойындағы қабілетті алғаш байқап, оған сенім беретін де – мұғалім.
– Мамандыққа деген адалдықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер өңіріміздің ең басты байлығы – жаңа буын павлодарлықтарды тәрбиелеп, қалыптастырып келесіздер, – деді аймақ басшысы.
Құттықтау соңында Асайын Байханов ұстаздарға зор денсаулық, отбасыларына береке және шәкірттерінің алғысы мен құрметіне бөленуді тіледі.