Асайын Байханов: Егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде әрі ысырапсыз өтуі тиіс
Павлодар облысының әкімі Успен ауданына барып, егін жинау науқанына дайындық барысымен, жолдарды жөндеу және әлеуметтік инфрақұрылымды күрделі жаңғырту жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Қызылағаш ауылында 250 га аумақта тамшылатып суару технологиясын енгізу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқан «Болаттар» ЖШС-нің картоп алқабында болды. Егіс алқабында су ұңғымалары бұрғыланып, электр желісі тартылып, тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Жобаның құны 1 миллиард теңгені құрайды. 20 жұмыс орнын ашу жоспарланған, орташа жалақы - 400 мың теңге. Картоптың күтілетін өнімділігі - 350 ц/га, жалпы өнім көлемі шамамен 8,7 мың тонна болады деп болжануда. Алдағы уақытта шаруашылық суармалы жер көлемін 650 гектарға дейін ұлғайтып, құны 1,8 миллиард теңге болатын 10 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасын салуды жоспарлап отыр.

- Суармалы егіншілікті дамыту - өңірдегі ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Заманауи технологияларды енгізіп, еңбек өнімділігін арттырумен қатар, өнімді терең өңдеуге және сақтауға жағдай жасау өте маңызды, - деді Асайын Байханов.
Шаруашылықта заманауи ауыл шаруашылығы техникалары бар. Яғни, 2 CLASS тракторы, 6 Zoomlion тракторы, 1 Grimme картоп қазғышы, 1 Grimme фрезасы, 1 Gaspardo тұқым сепкіші, 1 CLASS комбайны және 1 Grimme картоп жинайтын комбайны.

«Нариман и К» шаруа қожалығында облыс әкімі шамамен 2,5 мың га аумақтағы күнбағыс алқаптарының жағдайымен танысты. Ауданда күзгі дала жұмыстарына дайындық қарқынды жүргізілуде.
Аудан әкімі Нұрболат Мақашевтың айтуынша, биыл егін жинау алқабы 251 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 мың гектарға ұлғайған. Егіс құрылымында дәнді дақылдар 111,1 мың гектарды, майлы дақылдар 123,8 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 16 мың гектарды құрайды. Егіс алқаптарының 98,8% жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Бұл ретте майлы дақылдардың жағдайы жақсы.

Егін жинау науқанына 266 астық жинайтын комбайн, 19 астық кептіргіш және 59 механикаландырылған қырман дайындалды. Техника мен материалдық-техникалық ресурстарды сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеге 25 өтінім берілді және «ҚазАгроКредит» АҚ арқылы 2,5 миллиард теңгеге өтінімдер рәсімделді. Егін жинау жұмыстарын жүргізуге 3,6 мың тоннадан астам жанар-жағармай бөлінді. Мал азығын дайындау жұмыстары да жалғасуда: 48,6 мың тонна шөп шабылып, 17,1 мың тонна пішендеме дайындалды.

- Егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде әрі ысырапсыз өтуі тиіс. Бүгінде техниканың толық дайындығын, жанар-жағармай мен мал азығының жеткілікті болуын, егінді уақтылы жинауды қамтамасыз ету қажет, - деп атап өтті өңір басшысы.
Успен ауылында Асайын Байханов орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған Милевский көшесін қарап шықты. Жолдың ұзындығы 3,2 км құрайды. Жобаның құны - 244,2 млн теңге. Мемлекеттік сараптамадан 2026 жылғы 30 қаңтарда өткен. Қаржыландыру 2027 жылға жоспарланып отыр.
Жалпы, 2026 жылы Успен ауданында жалпы құны 208,6 миллион теңгеге ұзындығы 5,77 км құрайтын автокөлік жолдарын орташа жөндеу бойынша 4 жоба іске асырылуда. Тәуелсіздікке 10 жыл және Шевченко көшелеріндегі жұмыстар аяқталды, Наукенов көшесіндегі құны 38 миллион теңге болатын жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Галицкое ауылында Мир көшесі толық жөнделді.
Сондай-ақ өңір басшысы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Таволжан орта мектебіне де барды. Мектеп 1971 жылы салынған. Жобалық қуаты - 350 орын, ғимараттың жалпы ауданы - 2 563,3 шаршы метр. Шатыры соңғы рет 2009 жылы жөнделген. Күрделі жөндеу жұмыстарының құны 329,4 млн теңгені құрайды.

- Біз ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартып келеміз. Мектептерді, медициналық және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеу сапасы заманауи талаптарға сай болуы тиіс, - деді облыс әкімі.

Жұмыс сапарын қорытындылаған Асайын Байханов Успен ауданының ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтті. Алайда басты міндет - бұл әлеуетті халық табысының және өмір сүру сапасының тұрақты өсуіне айналдыру.
- Бүгін біз заманауи суару жүйелері мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудан бастап, жолдар мен мектептерді жөндеуге дейінгі нақты жобаларды көрдік. Заманауи технологияларға инвестиция салып, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашып жатқан азаматтарды қолдау аса маңызды, - деп қорытындылады өңір басшысы.
