Асайын Байханов Май ауданындағы маңызды жобалардың барысын тексерді

Асайын Байханов Май ауданындағы маңызды жобалардың барысын тексерді
Фото: Валерий Бугаев

Онда жаңа өндіріс іске қосылып, бірнеше жүздеген жаңа жұмыс орны ашылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Май ауданына барып, өндіріс, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік саладағы бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асу барысын көрді.

Сапар барысында өңір басшысы мыс концентратын өндіруге бағытталған «Демеу Көк-Тас» ЖШС-нің салынып жатқан байыту фабрикасында болды. Кәсіпорында келесі айда алғашқы өндірістік іске қосу жұмыстары жоспарланған. Жоба толық іске асқаннан кейін мұнда 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті бюджетке жыл сайын шамамен 300 млн теңге көлемінде түсім түседі деп күтілуде.

– Бұл қаражат Май ауданы ауылдарындағы жолдарды жөндеуге, елді мекендерді абаттандыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады, – деді облыс әкімі.

Асайын Байханов сондай-ақ «Ақжар Өндіріс» ЖШС-нің суармалы егістік алқабын аралады. Биыл шаруашылықта 2 мың гектардан астам жерге дәнді дақылдар, көкөніс, картоп және күнбағыс егілген. Бұдан бөлек, 4 мың гектардан астам аумаққа көпжылдық шөп орналастырылған.

Өңір басшысы суармалы егіншілікті дамыту мен ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Саты ауылында салынып жатқан жаңа медициналық пункттің құрылысымен де танысты. Тәулігіне 20 адамды қабылдауға арналған нысан ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын биылғы қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Сапар қорытындысында Асайын Байханов барлық жобалардың тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға нақты үлес қосуы керектігін атап өтті.

– Барлық жобалар ауданға нақты нәтиже беруі тиіс. Бұл – жаңа жұмыс орындары, экономиканың өсуі және халықтың өмір сүру сапасының жақсаруы, – деді өңір басшысы.