Асайын Байханов Павлодар педагогикалық университетінде жастармен кездесті

Асайын Байханов Павлодар педагогикалық университетінде жастармен кездесті
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Жиында білім беру мен кадр даярлаудың жаңа бағыттары талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне барып, студенттермен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы университеттің ғылыми-инновациялық экожүйесінің дамуымен танысты. Оқу ордасында когнитивтік зерттеулер, дарынды студенттерді анықтау, білім беру үдерісіне генеративті жасанды интеллект енгізу, сондай-ақ заманауи педагогикалық модельдерді әзірлеу бағытында жобалар жүзеге асырылуда.

Өңір басшысына білім беруді цифрландыру және педагог кадрларды даярлау жобалары таныстырылды. «Дарынды дамыту» бастамасы аясында өңірдегі 1412 мектеп оқушысы зерттеліп, олардың 46% жоғары деңгейдегі дарындылық анықталған. Сонымен қатар, 2000 жуық педагогтың инклюзивті білім беру талаптарына сәйкестігі бағаланды, бұл кәсіби құзыреттердегі негізгі олқылықтарды анықтауға мүмкіндік берді.

Білім беру жүйесіне генеративті жасанды интеллект енгізудің әдіснамалық базасы қалыптастырылды. 128 ғылыми зерттеуге жүргізілген талдау технологияларды инфрақұрылымдық деңгейден метатехнологиялық деңгейге дейінгі көпдеңгейлі интеграциялау моделінің тиімділігін растады. 7 білім беру модулін қамтитын «Киберакадемия» біліктілікті арттыру бағдарламасы іске асырылуда. Жобаға қазірдің өзінде шамамен 1400 оқушы, 38 педагог және 440 ата-ана тартылған.

Кездесудің маңызды бөлігі - 3-4-курс студенттерімен ашық диалог форматында өткен кездесу болды. Студенттер болашақта жұмысқа орналасу, өңірдің дамуы және өзін-өзі дамыту мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойып, нақты әрі жан-жақты жауаптар алды.

Асайын Байханов педагог мамандығының маңыздылығына тоқталып, жастардың елдің даму жолында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

- Бүгінде сіздер - Қазақстан болашағының басты стратегиялық ресурсысыздар. Елдің алдағы онжылдықтардағы даму қарқыны сіздердің біліктіліктеріңіз бен белсенділіктеріңізге байланысты. Сіздердің болашақ педагог мамандықтарыңыз - тек кәсіп емес, бұл - миссия. Ұстаз болашақ ұрпақтың ойлау жүйесі мен құндылықтарын қалыптастырады, демек, ертеңгі қоғамның қандай болатынын айқындайды, - деді әкім.

Өңір басшысы білім беру жүйесін мемлекеттік қолдау шараларына да кеңінен тоқталып өтті. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 1800 орындық заманауи мектептер пайдалануға беріліп, бір жыл ішінде 67 әлеуметтік нысан жөнделді. Ауылдарды дамытуға және сапалы білімге тең жағдайда қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде.

Жұмыспен қамту жайында айта келе, өңірде 4 мыңнан астам бос жұмыс орны бар екенін, ал алдағы бес жылда инвестициялық жобаларды іске асыру барысында кадрларға деген сұраныс 64 мың маманнан асатынын хабарлады.

Асайын Байханов өңірдің индустриялық әлеуетіне де тоқталды. Бүгінгі таңда аймақта жалпы құны 7 трлн теңгеден асатын 100-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылуда.

Сондай-ақ өңір басшысы қалалық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Жақын уақытта мұз сарайы, конгресс-холл, спорт кешендері және жаңа футбол стадионы сияқты ірі әлеуметтік нысандардың құрылысы жоспарлануда.

- Біздің міндетіміз - әрбір жас өз әлеуетін туған елінде жүзеге асыра алатындай жағдай жасау, - деп атап өтті әкім.

Кездесу соңында Асайын Байханов студенттерді өңірдің дамуына белсенді қатысуға, өз идеяларын жүзеге асырудан қорықпауға және ашылып жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.