Асайын Байханов павлодарлық футболшыларды құттықтады
![Асайын Байханов павлодарлық футболшыларды құттықтады](https://cdn.pixabay.com/photo/2014/10/14/20/24/ball-488717_1280.jpg)
Павлодарлық «RB Arman» командасының 10 жасар футболшылары Abu Dhabi Cup кубогының иегерлері атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов Абу-Дабиде халықаралық кубок жеңіп алған жас футболшы балалардың жетістігіне өте қуанышты екенін және мақтан тұтатынын жеткізді.
– Көпшілігі Ертіс балалар орталығында жаттығатын жас футболшыларды жарқын жеңістерімен құттықтаймын! Жаңа жетістіктер мен сәттілік тілеймін! Қазақстандық футболдың болашағы ойынға ғашық және туған елінің туын биікке көтеруді армандайтын осындай жас өрендеріміздің қолында деп ойлаймын! – деп жазды облыс әкімі инстаграм парақшасында.
«RB Arman» командасы әлемнің 22 елінен 36 команда қатысқан турнирде топ жарып, «Манчестер Сити» және «Ювентус» сияқты клубтардан басым түсті.
Топтық кезеңде біздің футболшылар 5-0 есебімен аты аңызға айналған «Ювентус» командасын ұтса, финалдық ойында «Манчестер Сити» клубының командасын жеңді.