Асайын Байханов павлодарлықтарды Республика күнімен құттықтады
Ол тарихи күннің маңызын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аймақ басшысы тұрғындарды мерекемен жеке парақшасында құттықтап, ізгі тілектер тіледі.
– Құрметті жерлестер! Қадірлі Павлодар өңірінің тұрғындары! Сіздерді халқымыз үшін маңызы зор, ұлт рухын ұлықтайтын мереке - Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деп жазды облыс әкімі.
1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы - тәуелсіздігіміздің бастауы, азат ел болуға бет алған тарихи қадам еді. Ал 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бұл мерекенің қайта жаңғыруы - тарих алдындағы әділдіктің орнауы, рухани жаңғырудың айқын көрінісі болды.
– Бұл күн - еліміздің бірлігі мен тәуелсіздігін, халқымыздың тектілігі мен тегеурінді рухын дәріптейтін айшықты мереке. Павлодар өңірі - Қазақстанның дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған қасиетті мекен. Өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар өркендеген, ғылымы мен білімі, мәдениеті мен руханияты кемелденген өлке. Бүгінгі жетістіктердің бәрі - еңбекқор да жігерлі, елін сүйген павлодарлықтардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Тәуелсіз еліміздің көк байрағы биіктен желбіреп, туған жеріміз гүлдене берсін! Республика күні құтты болсын! – деді Асайын Байханов.
Ол барша тұрғындарға зор денсаулық, мол бақыт, отбасылық амандық пен береке тілейді.