Асайын Байханов Железинде жылу жүйесіне аудит жүргізуді тапсырды
Өңір басшысы қазандық пен аудандық аурухананы аралап, көрсеткіштердің төмендеуіне байланысты нақты міндеттер жүктеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Железин ауданына барды.
– Алдымен өңір басшысы Железин ауылындағы №2 қазандықтың жұмысымен танысты. Аудан орталығы тұрғындарының шамамен 50 пайызы орталықтандырылған жылумен қамтылған. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы сегіз шақырымды құрайды, ал жылытылатын аумақ 49,8 мың шаршы метрден асады. Алайда желілердің тозу деңгейі 60 пайыздан жоғары, – деді аймақ басшысының баспасөз қызметі.
Облыс әкімі сәуір айының соңына дейін жылу жүйесіне толық техникалық аудит жүргізіп, оны кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Сапар барысында әкім 2025 жылдың тамызында ішінара жөндеу жұмыстары аяқталған аудандық ауруханаға барды. Мекеме басшысы Роман Пактың мәліметінше, ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп, еден мен қабырға плиталары төселген, өтпелі галерея мен кіреберіс топтардың шатырлары жөнделген, іргетасы жаңартылған. Сонымен қатар 256 пластикалық терезе ретке келтіріліп, қасбет жаңартылған.

Нысанды аралау кезінде өңір басшысы еден жабынының сапасына қатысты ескерту жасап, анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
– Жөндеу жұмыстарының көлемі шағын болса да, сапа стандарттарын сақтау маңызды, – деді Асайын Байханов.
Аудан активімен өткен кездесуде әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 11 негізгі индикатордың сегізі бойынша көрсеткіштер төмендегені айтылды. Әкім оң динамиканы қалпына келтіру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ тұрғындардан жылумен қамту, абаттандыру, жолдарды қардан тазарту және еңбек қатынастары мәселелері бойынша өтініштер түскені атап өтілді. Әр бағыт бойынша жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкіміне инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және бизнес өкілдерімен жұмысты жүйелеу міндеті жүктелді.
– Бизнес өкілдерімен жұмысты жүйелі түрде жолға қойып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ету қажет, – деді өңір басшысы.
Жол инфрақұрылымына да назар аударылды. Аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 298 шақырымды құрайды, оның 93,8 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Алайда аудан орталығында асфальт төселмеген 26 көше бар. Биыл Петропавловка және Мыңкөл ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеу және көшелердің жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасады.
Сонымен қатар 2025 жылы аудан халқының саны 325 адамға азайғаны айтылып, көші-қон үдерісін тұрақтандыру үшін кешенді шаралар әзірлеу тапсырылды.

Жұмыс сапары азаматтарды жеке қабылдаумен аяқталып, көтерілген мәселелердің орындалуы бақылауға алынды.