Асайын Байханов: Жылу желілеріндегі ақаулар жиырма пайызға азайтылды
Жылу маусымына дайындық барысында үш ЖЭО-дағы 15 негізгі жабдық жөнделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Павлодар қаласында жылу беру маусымын өткізу бойынша және келесі маусымға дайындық жоспарлары туралы үшінші жылу-электр орталығында көшпелі жиналыс өткізді.
– Ағымдағы жылу беру маусымына дайындық барысы кезінде үш ЖЭО-дағы 15 негізгі жабдық жөнделді, 30 км жылу желілерін жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Осы жасалған іс-шаралардың барлығы ақауларды 20%-ға азайтуға мүмкіндік берді, – дейді облыс әкімі.
2024 жылы ағымдағы жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін павлодарлық ЖЭО-дағы тағы 15 негізгі жабдыққа жөндеу және шамамен 25 км желіге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, Қамзин көшесі бойында ЖМ-13 жаңа жылу магистралінің және Абай-Кривенко көшелері ауданында ТСС-5 жаңа сорғы станциясының құрылысы жоспарланған.
Ағымдағы жылу беру маусымының аяқталуының және жылумен жабдықтау желілерінде гидравликалық сынақтар жүргізудің болжамды мерзімі:
- оңтүстік желілік аудан бойынша - 15-22 сәуір аралығында;
- солтүстік желілік аудан бойынша - 26-30 сәуір аралығында.
– Осы іс-шаралар аяқталғаннан кейін сынақтан өткен желілер 5-7 күн ішінде іске қосылады. Ақаулар анықталған жағдайда оларды жою және кейіннен ыстық суды қосу жұмыстары жүргізіледі, – делінген хабарламада.
Гидравликалық сынақтардың қорытындысы бойынша барлық жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу және қалада ыстық сумен жабдықтауды толығымен қалпына келтіру:
- оңтүстік желілік аудан бойынша 25 мамырға дейін;
- солтүстік желілік аудан бойынша 31 мамырға дейін жоспарлануда.
– Бір жылу беру маусымын аяқтай салысымен, біз бірден келесі маусымға дайындықты бастаймыз. Бұл барлық деңгейдегі әкімдер мен бейінді мемлекеттік органдардың жұмысындағы маңызды сұрақтардың бірі, сондықтан, ауқымды жұмыстар жүргізу қажет, - деп атап өтті өңір басшысы.
Асайын Байханов алдағы жылу беру маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, сондай-ақ, тұрғындарды алдағы іс-шаралар туралы хабардар етіп отыруды тапсырды.