Асайын Байханов ӘКК жұмысын сынға алып, қатаң бақылау енгізуді тапсырды

Жиында азық-түлік қауіпсіздігі, тұрғын үй құрылысы және инвестициялық жобалар талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 2024 жылғы және 2025 жылдың ағымдағы кезеңіндегі қызметінің нәтижелерін қарастырған кеңес өткізді.
2024 жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 2,6 миллиард теңге бөлініп, оның 1,8 миллиарды игерілді. «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша 10 миллиард теңге игерілді. Сонымен қатар, ӘКК қатысуымен жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба жүзеге асырылды, агроөнеркәсіп кешеніне 4 миллиард теңгеге несие берілді.
Өңірдің тұрақтандыру қоры 2,3 миллиард теңгеден астам сомаға 11,1 мың тонна азық-түлік қорын қалыптастырды. Қазіргі уақытта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 203 серіктес дүкен жұмыс істейді.
Тұрғын үй құрылысы саласында былтыр 43,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл қорытындысы бойынша ӘКК 310 миллион теңге кіріс тапты. Бұл – жоспарланған 130 миллион теңгеден екі есе артық көрсеткіш.
2025 жылға 13 миллиард теңгеден астам өнім мен қызметтерді іске асыру жоспарланған. Оның 11 миллиард теңгеден астамы тұрғын үй құрылысы жобалары есебінен қамтамасыз етіледі. Олардың қатарында Назарбаев көшесі, 309а мекенжайындағы 420 пәтерлік және Ладожская көшесі, 2 мекенжайындағы 96 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы бар.
Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін қазіргі кезде 2,2 миллиард теңгеден астам сомаға 10,5 мың тонна өнім қоры бар. Жақын арада жұмыртқа, тұз, макарон өнімдері мен ерте өсетін көкөністер сатып алу жоспарлануда.
2024-2025 жылдарға арналған ӘКК салымдары мен инвестицияларының жалпы көлемі 11,8 миллиард теңгені құрайды. Негізгі бағыттар: трамвай басқармасының жарғылық капиталын ұлғайту, тұрғын үй құрылысын дамыту, қант зауыты үшін инфрақұрылым салу және шағын және орта бизнестің инвестициялық жобаларын қолдау.
Алайда өңір басшысы ӘКК жұмысының бірқатар бағыттар бойынша төмен нәтижесіне көңілі толмайтынын айтты. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі өзгерістер байқалмай отырғанын атап өтті.
– ӘКК-нің басты міндеттерінің бірі негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру болып табылады. Алайда, бүгін біз қабылданып жатқан шаралардың жүйелі әсерін көріп отырған жоқпыз. Сонымен қатар, мен әрбір бағыт бойынша тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (KPI) анықтауды тапсырдым, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Сондай-ақ, өңір басшысы өткен жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы және агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар аясында берілген бюджеттік несиелерді қайтару мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды. ӘКК-ге бұл бағыттар бойынша нақты есептер ұсыну міндеттелді.
Кеңесте құрылыс мерзімдерінің сақталуы мәселесі де көтерілді. Өңір басшысы мердігерлік ұйымдардың жұмысына бақылаудың әлсіздігін және жұмыстардың кешігуін атап өтіп, ӘКК тарапынан қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Жиын барысында қант және крахмал зауыттарын салу, Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен трамвай паркін жаңарту, Павлодар мен Ақсу базарларын жаңғырту сияқты ірі жобалар талқыланды.
Кездесу соңында облыс әкімі ӘКК жұмысының тиімділігін арттыру, мердігер ұйымдарды қатаң бақылау, бюджет қаражатын қайтаруды қамтамасыз ету және негізгі әлеуметтік-экономикалық жобаларды жандандыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.