Асайын Байханов: Әйелдер қауымы жетістікке жете алмайтын сала жоқ

Облыс әкімі инстаграм парақшасында әйелдер қауымын айтулы мерекемен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Қымбатты ханымдар! Шұғылалы көктемнің мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар. Әйел – өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен тазалықтың қайнары. Сіздер – әр отбасының алтын тірегісіздер, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Әйел-Ана әрқашан халықтың ар-ожданы, ізгіліктің, нәзіктіктің, мейірімділіктің және дархан көңілдің көрінісі болып келді және солай болып қалмақ, бүгінгі мереке – Сіздерге деген шынайы құрмет белгісі.
Аймақ басшысы әйелдер қауымының жетістікке жете алмайтын сала жоқ екенін атап өтті.
– Сіздер кәсібилік пен бизнестің, ғылым мен саясаттың шыңдарын бағындыра аласыздар. Сіздер өмірді сұлулыққа толтырып, жақындарыңызды жан жылуы мен сәулелі сезімге бөлеп, ошақ басының дәстүрі мен жайлылығын сақтап келесіздер, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы әр күні қуанышқа толы болып, жақындарының ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөлене беруді, шуақты мерекеде шын жүректен мол бақыт, зор денсаулық, толағай табыс, көктемгі көтеріңкі көңіл күй, ертеңге деген жақсы үміт пен барлық жақсылықты тіледі.