Асыл тұқымды ірі қара мал Даниядан Павлодар облысына ұшақпен жеткізілді
Еуропадан Астана халықаралық әуежайына 165 бас асыл тұқымды ірі қара малды жеткізген арнайы ұшақ келіп қонды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шамамен жеті сағатқа созылған әуе сапары сәтті өтіп, барлық мал тұрақты, қалыпты жағдайда жеткізілді.
Әуежай қызметтері сиырларды қабылдауға толық дайын болды: қажетті техника мен инфрақұрылым қолданылып, ветеринар мамандар, уақытша сақтау қоймасы қызметкерлері және перрон жүкшілері барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, малды қауіпсіз түсіру және әрі қарай тасымалдау жұмыстарын атқарды.
Құжаттар рәсімделгеннен кейін ІҚМ Павлодар облысына, «Андас-агро» ЖШС-не жөнелтіледі. Мұнда олар өңірдегі мал шаруашылығын күшейту және жергілікті сүт өндірісінің әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларға қосылады. Мамандардың айтуынша, бұл жеткізілім мал генетикасын жақсартуға және сүт өнімділігін көтеруге маңызды үлес қоспақ.
Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025 жылы өңірге Еуропа мен Ресей Федерациясынан сүт бағытындағы 812 бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелінген.
Атап айтқанда, Тереңкөл ауданының «Агро-Даму» ЖШС – Германиядан голштин-фриз тұқымының 98 басын, «Үштерек и К» ЖШС – РФ Воронеж облысынан 129 басын, «Кронос Павлодар» ЖШС – Даниядан 420 басын, «Андас-агро» ЖШС – Даниядан 165 басын әкелді.
Бұл жұмыстар Павлодар облысының аграрлық саласын күшейтіп, өңірдің сүт өнімдері нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram