Май ауданында жер қойнауын пайдалануға басымдық беріледі
Ол аудан экономикасының тұрақты өсуі үшін қосымша тірек ретінде қаралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Май ауданында инвестиция тарту мәселесі стратегиялық деңгейде қайта қаралып, негізгі басым бағыт ретінде жер қойнауын пайдалану саласы таңдалды. Бұл туралы аудан әкімі Қадылжан Сатиев мәлімдеді.
Аудан дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал шаруашылығы мен егіншілікке маманданған өңір саналады. Соңғы жылдары суармалы егіншілік қарқынды дамып келеді. Алайда аудан экономикасының тұрақты өсуі үшін қосымша тірек қажет. Осыған байланысты жер қойнауын игеру бағытына ерекше көңіл бөлініп отыр.
Биыл «Druzhba Mining» компаниясымен бірлесіп ауқымды жұмыс жүргізілген. Компания ауданда «Титан-цирконий концентратын өндіру» зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба құны 27 миллиард теңгені құрайды.
– Бой көтеретін зауыт ауданда 200 жұмыс орнын ашады. Ағымдағы жылы жер телімдерін рәсімдеу, барлау және өндіру мәселелері кезең-кезеңімен шешілді. Келер жылдан бастап компания өндіру жұмыстарына кірісіп, бастапқы өндірістік қуатқа шығуды жоспарлап отыр. Кейін байыту фабрикалары орнатылып, толық өндірістік цикл іске қосылады, – деді аудан басшысы.
Екінші ауқымды жоба бойынша «Демеу Көк-Тас» компаниясы мыс кендерін үйінділі шаймалау кәсіпорнын салуды жоспарлап отыр. Жоба құны 8,2 миллиард теңге. Жаңа кәсіпорын ауданда 273 қосымша жұмыс орнын ашады.
Жер қойнауын игерумен қатар, Май ауданында суармалы егіншілік бағытындағы жобалар да белсенді жүзеге асырылуда. «Bai Agro» компаниясы жалпы көлемі 1500 гектарды құрайтын суармалы алқаптарды игеруді қолға алған. Қазіргі таңда жаңбырлатып суару қондырғылары жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен бірге ауданда консерві цехын кеңейту жобасы басталды. Қолданыстағы өндірістің қуаттылығы арттырылып, құрылыс жұмыстары қолға алынған. Айта кетейік, жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында тұрақты бес жұмыс орны пайда болады.
– Оған қоса, «FishFarm» шаруа қожалығы балық өңдеу цехын салуды жоспарлап отыр. Жобаның инвестиция көлемі шамамен 492 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын көлдерден табиғи ресурстық жолмен ауланған балықты өңдеп, мұздату, консервілеу және дайын өнім ретінде сатумен айналыспақ, Бұл кәсіпорын ауданға қосымша 15 жаңа жұмыс орнын ашады, – деді Қадылжан Сатиев.
Тау-кен саласында жоғары білікті мамандардың бір бөлігі сырттан тартылғанымен, жұмысшылардың басым бөлігін жергілікті тұрғындар есебінен қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатта аудан басшылығы колледждер мен жоғары оқу орындарымен «тау-кен ісі» мамандығы бойынша кадр даярлау мәселесін пысықтап жатыр.