Астаналық жасөспірімдер павлодарлықтардың жандарын шүберекке түйді
Абырой болғанда матч «Ертіс» үшін сәтті аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Болжамдарға сәйкес «Астана Ж» командасына қарсы ойын Сергей Якушин шәкірттері үшін оңайға соқпады. 17-18 жасар астаналық футболшылар тәуір ойын өрнегін көрсетіп, Қазақстан футболының грандының намысын лайықты қорғай алды. Қорғау түгілі, қонақтар кездесудің ортасына дейін ойын тізгінін түгелдей қолдарына алып, «Ертіс» қорғанысының мазасын әбден қашырды.
«Ертіс» болса осы сәттерде сасып қалғандай әсер қалдырды. Алаң қожайындарының шабуылдарына ой жетіспеді, павлодарлықтар бар болғаны допты қарсылас айып алаңына әуелете жеткізуден басқа ештеңе ойлап таба алмады. Бұл да ешбір әсерін бере қоймады. Оған шабуылшылар ғана кінәлі емес. «Ертіс» ойыншыларының барлығы осы матчта мардымды өнер көрсете алмады.
Дегенмен, екінші таймның басында Артем Попов «Астана Ж» қорғанысын бұзып өтіп, допты қақпа сызығынан итеріп енгізді. «Ертіс» бас бапкері бірден есепті сақтауға тырысып үшінші орталық қорғаушы мен артқы жартылай қорғаушыны алаңға шығарды. Астаналықтар павлодарлықтардың мұндай қоян жүректілігін пайдаланатындай бірнеше сәтті мүлт жіберді.
Бірақ, «Ертіс» үшін бәрі сәтті аяқталды. 79-минутта Мейрамбек Еренғайып күтпеген жерден алыстан соққы бағыттап, қарсылас қақпасының «тоғыздығын» дәл тапты – 2:0. Қалған минуттарда сауатты ойындарымен аса жағымды әсер қалдырған астаналықтар есепті өзгертуге тырысқанымен, таблодағы көрсеткіш өзгермеді.
«Ертіс» ойынындағы проблемаларға қарамастан Екінші лигадағы көшті бастап келеді. Келесі матчты команда Қарағандыда «Шахтер» жастарына қарсы өткізбек. Бұл павлодарлықтар үшін басты емтихан болмақ.