Атамекен кентіндегі әкім сайлауында тұрғындар қалай дауыс бере алады
Дәл осы күні сайлаушылар үшін арнайы көлік ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Атамекен кенті әкімдігінің мәлімдеуінше, әкім сайлауы өтетін күні кент тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін дауыс берушілерді сайлау учаскелеріне жеткізу ұйымдастырылады.
Мәселен, №41 учаске бойынша дауыс беретіндер №33 мектепке сағат 10:00 бара алады. Ол үшін «Мәметов» аялдамасынан «Жаңа үйлер» ауданы бойынша Алтынсарин, Мақажанов, Мәметова және Макаренко көшесінің тұрғындарын дауыс беру учаскесіне жеткізеді.
Ал №42 сайлау учаскесі бойынша дауыс беретіндер Жаяу Муса атындағы мәдениет үйіне барады. Ол үшін ДЭУ ауданы, Олжабай батыр, Малайсары батыр, Жамбыл көшелерінің тұрғындары ДЭУ аялдамасы, «Абай» дүкені жанынан арнайы көлікпен межелі жерге жете алады.
№43 сайлау учаскесіндегілер Жолқұдық элеваторында дауыс береді. Тұрғындарды сағат 12:00-де Абылай хан көшесінің басында арнайы көлік күтеді. Бұл учаскеге Қабанбай батыр, Қазыбек батыр, Абылай хан, Тоқтаров, Гаухар батыр, Терешкова, Бөгенбай батыр көшелеріндегі үйлер кіреді.
№44 учаске №32 мектепте орналасқан. Көкжиек, Комаров, Тұран, Байсейітова, Шолохов көшелерінің тұрғындарын сағат 10:00-де Комаров көшесі, 1-үйдің жанында арнайы тасымал көлігі күтеді. Бұдан бөлек, сағат 12:00-де Алаш, Айдагольская және Достық көшесінің тұрғындарын Тәуелсіздік көшесі, 111-үйдің жанында жинайтын болады.
Айта кетелік, сайлау 11 ақпан күні өтеді.