Атамекен кентінде жолдар жөнделіп, ойын алаңдары орнатылды

Атамекен кентінде жолдар жөнделіп, ойын алаңдары орнатылды
Фото: pexels.com

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиын барысында күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер мен абаттандыру жоспарлары талқыланды. Ауылдың бірқатар көшесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, Отырар, Мақажанов, Шолохов, Құрманғазы, Ғарышкер көшелері мен Мақажанов көшесінің бойындағы екі қабатты үйлер орналасқан аумақта жалпы ұзындығы 4,5 шақырым жол жөнделді. Ал Панфилов, Қазыбек би, Бұқар жырау және Олжабай батыр көшелерінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл учаскелердегі жол ұзындығы 5,1 шақырымды құрайды.

Сонымен қатар, Мақажанов және Айдагөл көшелерінде заманауи балалар ойын алаңдары орнатылып, ауыл тұрғындарына арналған қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып жатыр.

– Облыс әкімінің қолдауының арқасында Атамекен ауылы да қалаға қарасты басқа елді мекендер сияқты дамуын жалғастырып келеді. Тұрғындар белсенділік танытып, маңызды ұсыныстарын білдірді. Ауыл әкіміне абаттандыру жұмыстарын жалғастырып, тапсырмалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырдым, – деді Хасар Хабылбеков.

Кездесу барысында тұрғындар көкейіндегі мәселелерін айтып, алдағы жоспарлармен танысты.