Хобби мен қарым-қатынас: Павлодарда «Достық үйіне» барудың төрт себебі

Мекемеде әрдайым халық көп жиналады. «Ортақ үйде» форумдар, жаттығулар мен сабақтар өтеді. @Pavlodarnews.kz тілшісі этностар бірігетін алаңда тағы не істеуге болатынын анықтап көрді.
1. Көкжиектің кеңеюі
Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Қымбат Досжанова «Достық үйінде» барлық этнос үшін жағдай жасалғанын айтады. Шоғырландыру алаңында Ұлттық жаңғыру мектебінің іс-шаралары, сабақтары өткізіледі.
Оның айтуынша, жастар тек өздерінің этномәдени бірлестігіне ғана келе бермейді. Қазақ этносының көптеген өкілдері кәріс орталығына, татар этносының балалары грек этномәдени бірлестігіне барып жүреді. Украин этносының өкілдері домбырада ойнауды, қазақ тілін меңгеруге тырысады.
ҚХА хатшылығының меңгерушісі «Достық үйіндегі» дәстүрлер мен мәдениеттердің мұндай араласуы әртүрлілік бірлігі қағидатын түсінуге мүмкіндік береді деп санайды.
–Ешкімді осында келуге мәжбүрлемейді. «Достық үйі» – бұл балалар үшін қауіпсіздік аймағы, – деді Қымбат Досжанова. – Мекемедегі барлық іс-шаралар мен сабақтар тегін өтеді.
2. Қарым-қатынас
«Достық үйіндегі» қауымдастықтар өздігінен дамиды. Жастарға ең басты назар аударылады.
— Биыл біз 35 жасқа дейінгі жастарды ЭКҰ төрағаларының орынбасарлары етіп сайладық. Біз оларға қандай құндылықтар мен қағидаттарға үйретсек, олар өздері өмір сүретін қоғамда соны насихаттайтын болады, – деп сенеді Қымбат Досжанова.
Облыс ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, «Жастар Ассамблеясы» республикалық өкілдігінің төрағасы Рамиль Смайылов Ассамблеяда он жылдан астам уақыт қызмет етіп жүр.
– Мен мұнда 2012 жылы досыммен бірге кездейсоқ келіп, көптеген жылдарға қалып қойдым, — деп еске алады Рамиль Смайылов. – Ассамблея сол кезден бастап айтарлықтай модернизацияланды. Келушілердің орташа жасы 23-26-дан 19-21-ге дейін жасарды. Егер біз бұрын этномәдениетті көбірек көрсетуге тырыссақ, қазір бұл жұмыс өзінің шекарасын кеңейтті.
3. Еріктілік
ҚХА өз жұмысында ұзақ уақыт бойы концерттер мен фестивальдерден толеранттылықты ілгерілетуге, этносаралық қақтығыстардың алдын алуға, ақпараттық-ағарту жұмыстарына баса назар аударды. Ауқымды жұмыстарға қарамастан Ассамблея қайырымдылыққа көп көңіл бөледі.
Өткен жылғы су тасқыны кезінде павлодарлық еріктілер «Қайырымдылық керуені» жобасы бойынша зардап шеккендерге көмек көрсетті. Жобаға этномәдени бірлестіктер ғана емес, қарапайым қала тұрғындары да қатысты. Аналар кеңесінің және «Нұр – Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова «Ассамблея жастары» өкілдерімен бірге Петропавлға жинаған жүкті жеткізу және жергілікті жағдайды білу үшін сапарға барған болатын.
4. Жобалардағы белсенділік
Рамиль Смайыловтың айтуынша, бүгінде «Достық үйінде» іс-шаралар саны артып, студенттік ассамблеялар, ҚХА мамандандырылған мектеп сыныбы ашылды.
Жастар «Табыс зертханасының» шығармашылық жобаларын жүргізеді, патриоттық және экологиялық тәрбиеге, еріктілер мен білім беру қызметіне, ақпараттық сауаттылыққа баса назар аударады.
–Біз жастарымызды қызықтыруға тырысамыз. Барлығы өздерін құнды сезініп, өз мүдделерін осы жерден тауып, достасады, – деп мойындады Рамиль Смайылов. – Біздің белсенділер жалақы алмайды, бірақ сонда да сенбі мен жексенбіде «Достық үйінде адам саны көп болады.
Жас ассамблеялар дәстүрлі бағыттарды жалғастыра отырып, оларға жаңа серпін береді. Сонымен қатар, «Шығармашылық зертхана» жұмысшы мамандықтарына бағытталуға ниетті жоба іске қосылады, ал жастар форумы «Бірлік – Единство.KZ» дәстүрлі патриоттық ән фестивалі форматын өзгертуді жоспарлап отыр.
Жақында ҚХА-ның көрнекті тұлғаларына арналған «Ассамблея адамдары» интерактивті жобасы шығады. Оның алғашқы кейіпкері Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері – Қанат Даржуман.
Оның есімі бес жүзден астам бала оқитын бірегей Ұлттық жаңғыру мектебіне берілді. Мекеме директоры Рыспек Естайдың айтуынша, қосымша білім берудің 34 педагогы оқушыларда этномәдени ортада көпмәдениетті тұлғаны тәрбиелейді.
«Достық үйінде» 24 этномәдени бірлестіктің кеңселері, алты қоғамдық құрылым – «Ақсақалдар алқасы» ақсақалдар кеңесі, «Аналар кеңесі», «Жомарт жан» ғылыми сараптамалық топ, журналистер клубы, «Жастар Ассамблеясы»орналасқан.
Әр этномәдени бірлестіктің шығармашылық ұжымдары бар – 23 вокалдық және 17 хореографиялық. Сондай-ақ, ғимаратта Анастасия Цветаеваның мұражайы орналасқан.