«Атамекен» қардың қарқынды еруінен зардап шеккен тереңкөлдіктерге көмек көрсетті
Тереңкөл ауданында су тасқынынан екі үй қатты зардап шеккен болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы «Атамекен» ӨКП мәлімдеуінше, кәсіпкерлер палатасының ТЖ штабына тұрғын үйді қалпына келтіруге көмек сұрап жазбаша өтініштер түскен. Оларға қаржылай қолдау көрсету туралы шешім қабылданды.
- Тұрғын үйді қалпына келтіруге көмек сұраған отбасылар Тереңкөл ауданының Октябрьское ауылында тұрады. Олар «Атамекен» өңірлік палатасының директоры Ерқанат Әбеновтің атына өтініш жазды. Кейін кәсіпкерлер палатасының Тереңкөл аудандық филиалының директоры Мұсағит Омаров пен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Азамат Мұханов осы үйлерге арнайы барды, - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, Любовь Шаповалованың үйінің жертөлесі мен жылыту пешінің құбыр құлап, ас үйде және дәлізде еден тақталары ісінген.
Ал екінші баспананың иесі Лидия Красакованың жағдайында үйдегі жылыту пештің іргетасы мен құбыры батып кеткен. Әрі залда, жатын бөлмеде және ас үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болып, жертөле құлаған.
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасының ТЖ штабы әр отбасына қаржылай көмек көрсетті. «Атамекен» ӨКП қардың қарқынды еруінен зардап шеккендерге осындай көмек көрсету үшін бизнес субъектілерінен ерікті қаржылық көмек жинауды жалғастыруда.