«Ауырмайды жүрек»: Павлодар кардиоорталығын не күтеді?
Павлодарда «AMANAT» партиясының Жол картасы аясындағы денсаулық сақтау нысандарының құрылысы талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесте партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген денсаулық сақтау нысандарының құрылысы бойынша жиын өтті.
Жиында Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы Асқар Әжмұрат өңірдегі медициналық нысандардың құрылысы мен жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, бірқатар нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама кезеңінен өтуде.
Атап айтқанда, Долгое ауылындағы медициналық пункттің жобасы әзірлену үстінде. Ал Ақсу қаласының ауылдық аймағына қарасты Мәмайіт Омаров ауылындағы дәрігерлік амбулатория бойынша сараптама қорытындысы жақын уақытта күтілуде. Нысанды жеке инвесторлар есебінен салып, кейін денсаулық сақтау жүйесіне сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр.
Бірқатар жобалар бойынша мердігер ұйымдар конкурс арқылы анықталған. Қазіргі уақытта қаржыландыру күтілуде. Қаражат бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстары қарқынды кезеңге өтеді.
- Мердігерлер қазірдің өзінде өз қаражаты есебінен жұмыс жүргізуде. Ай соңына дейін қабырғалары көтеріліп, шатыр жабылады деп жоспарланып отыр. Бірақ қаржыландыру болмаса, жұмыстар тоқтап қалуы мүмкін. Жақын арада қаражат бөлініп, барлық нысандар биыл пайдалануға беріледі деп күтеміз, — деді Асқар Әжмұрат.
Жиында ерекше назар облыстық балалар ауруханасына жаңа корпус салу және кардиоорталықты дамыту мәселелеріне аударылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтың айтуынша, бұл жобалар Денсаулық сақтау министрінің Павлодар облысына сапары кезінде таныстырылып, министрлік тарапынан қолдау тапқан. Қазіргі уақытта оларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Облыстық балалар ауруханасы бойынша қазіргі ғимараттардың арасына бес қабатты жаңа корпус салу жоспарланған. Онда қабылдау бөлімі, хирургиялық блоктар, консультациялық-генетикалық бөлім, сондай-ақ травматология және нейрохирургия бөлімшелері орналастырылады.
Ермек Кучуковтың сөзінше, жобалық құжаттама дайын, алайда қаржыландыру мерзіміне байланысты кейін түзетулер енгізбеу үшін сметалық құжаттар әзірге сараптамаға жіберілмеген.
Сонымен қатар жиында кардиоорталықты қайта атау мәселесі де көтерілді. Қазіргі таңда орталықта тамыр хирургиясы, кардиохирургия бағыттары дамып, балалар бөлімі ашылуда. Осыған байланысты мекемені Павлодар қаласының №2 көпсалалы клиникалық ауруханасы деп қайта атау ұсынылды.
Бұл мәселе денсаулық сақтау саласының мастер-жоспары бекітілгеннен кейін, яғни 2026 жылдың қыркүйегінде қаралуы мүмкін.
Жиынға қатысушылар Павлодар облысына жаңа заманауи медициналық нысандар қажет екенін атап өтті. Соңғы жылдары өңірде негізінен ауылдық денсаулық сақтау нысандары салынғанымен, ірі балалар ауруханалары мен перинаталдық орталықтар бой көтермеген.