Ақсу қалалық саябағы жалға берілмейтін болды
Жергілікті билік 2024 жылы қалалық саябақты қайта құру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласы тұрғындарының өтініші бойынша облыстың жер қатынастары басқармасына осы мәселені зерделеп, қарастыруды тапсырды.
– Ақсу билігі ойын-сауық аттракциондарын орнату мақсатында қалалық саябаққа тиісті жер учаскесінің бір бөлігін жалға алу құқығын аукционға қойғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде наразылық тудырды. Бұл жаңалық әкімдіктің жоспарларымен келіспейтіндерін білдірген қала тұрғындарын алаңдатты. Мәселе қарастырылып, аукционның күшін жою туралы шешім қабылданды, – деп жазды аймақ басшысы Іnstagram парақшасында.
Асайын Байханов осы жылдың көктемінде Ақсуға барған жұмыс сапарларының бірінде қалалық саябақты қайта құру және абаттандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырғанын еске салды және бұл жұмыстардың қалалық әкімдікпен жүргізіліп жатқандығы туралы хабарлаған.
Жобаны іске асыру келесі жылы жоспарлануда.