Джипке жазылған тілек. Көгершіннен сәлем: Павлодарлықтар қала күнін қалай тойлауда
Мерекеге орай тегін балмұздақ таратылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала күнін қалалық саябақта мерекелеген тұрғындарға алуан түрлі бағдарлама ұсынылды.
Мәселен, балалар Поттердің сүйікті кейіпкерлері - Гарри Поттер, Гермиона және Дамблдормен ойындар ойнады. Шаһардың ең кішкентай тұрғындары ата-аналарымен бірге сусындар мен сиқырлы таяқшаларды ойлап тауып, қисық айналар аллеясында көңіл көтерді. Сонымен қатар, балақайлар аниматорлардың ойынын тамашаласа, ересектер мен балаларға 500 дана балмұздақ тегін таратылды.
Павлодарлықтар үлкен ақ джипке фломастермен сүйікті қаласына деген тілектерін жазды. Көзді ашып-жұмғанша көлік кемпірқосақтың барлық түстерімен боялып шыға келді. «Мен Павлодарды сүйемін», «Бақыт саған, Павлодар», «Мәңгілік сүйкімді қала» деген әдемі тілек пен махаббатқа толы жазбаға көмкерілді.
Бұдан бөлек, павлодарлықтарға өзінің ақ тілегін жеткізудің тағы бір тамаша жолы ұсынылды. Ол жақсылық жаршысы атанған көгершін арқылы тілегін жеткізу. Мұнда жерлестеріміз аз ғана ақыға тордан қауырсынды құсты таңдап алып, тілек айту арқылы көкке ұшыра алды. Сонымен қатар, қалалық бақ сахнасында музыкалық ұжымдар өнер көрсетсе, дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұсынылды.
Фото: Құралай Шаяхметова.