Ақсуда бес ай бойы жалақы алмаған құрылысшыларға еңбекақы төленді

Ақсуда бес ай бойы жалақы алмаған құрылысшыларға еңбекақы төленді
Фото: Константин Шелков

Жұмыс беруші тек аванс төлеумен шектелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясының мәліметінше, Ақсу қаласында тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысы кезінде 10 адамнан тұратын сылақшылар бригадасы әрлеу жұмысын жүргізген. Олар өз жұмысын уақтылы аяқтағанымен, адал еңбекпен тапқан ақшасын жұмыс берушіден бес ай бойы ала алмай келген, тапсырыс беруші тек аванс төлеумен шектелген.

Олар ұзақ уақыт күтіп, компания басшылығымен жүргізілген әңгіме өз нәтижесін бермеген соң «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгінген. Жұмысшылармен партияның облыстық филиалы, Павлодар облысы мәслихатының төрағасы Илья Теренченко кездесті.

– Азаматтардың еңбек құқығын қорғау – партия атқаратын жұмыстың негізі басымдықтарының бірі. Егер адамдар жұмыс берушімен ортақ келісімге келе аламаса, «Құқықтық көмек» жобасы аясында азаматтарға тегін жоғары білікті заңнамалық көмек көрсетіледі. Жүгінген 10 адам өздерін толғандырған мәселені басшылыққа жеткізуге тырысты. Партия тарапынан оларға қол ұшын создық, – деді Илья Теренченко.

Партиялықтар жұмысшылармен және компания директорымен кездескеннен кейін барлық берешек – жалпы сомасы 33 млн теңге жалақы өтелген.