Павлодар облысында сәуір бойы тазалық айлығы жүргізіледі
15 сәуір жалпыоблыстық сенбілік өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық әкімдікте өткен жиында өңірлік энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов қыстан кейін елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жұмыстары туралы айтты.
- 2023 жылы өңірді көгалдандыру жұмысын іске асыру және елді мекендердің аумақтарын жасылдандыру шеңберінде 62 мың ағаш отырғызу жоспарланған, - деді Ержан Салханов.
Басқарма басшысы санитарлық тазалық жүргізу үшін 1 сәуір мен 1 мамыр аралығында Павлодар облысында тазалық айлығын жариялауды ұсынды.
Облыс әкімі Асайын Байханов 1 сәуірден бастап қалалар мен аудандарда жалпы тазалық марафонын бастауды тапсырды.
- Көктем басталуымен елді мекендердің аумақтарын санитарлық тазалау мәселесі бірінші орынға шығады. Жалпыоблыстық сенбілікті 15 сәуірге жариялаймын. Мен өзім осы сенбілікке қатысамын, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ тазалық айлығы кезінде қоқыс полигоны аумағында қоқыс қабылдауды тегін қылу ұсынылды.
Ал, Павлодар қаласында жолдардың шұңқырларын жамау жұмыстары басталған. 10 сәуірде жолдардағы ұзындығы 761 км жолақты бояу жұмысы басталады.
- Қаламыздың 5 көшесінде 50 аялдама павильоны орнатылады. Одан бөлек, қаладағы саябақтарда қосымша әжетханалар орнатылады. Нәтижесінде саябақтарда барлығы 27 әжетхана болады, оның 11-і жыл бойы істейді, - деді қала әкімі Ержан Иманзайыпов.
Сонымен қатар, облыс орталығында ағаштарды санитарлық кесу басталды. Қала тұрғындарынан келіп түскен өтініштер бойынша 30 258 ағашты санитарлық кесу жоспарланған.
Фото: Константин Шелков