Ақсуда өрт кезінде зардап шеккен балалар мен анасының жағдайы анықталды
Балалар медициналық көмек көрсетілгеннен кейін анасымен бірге балалар бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 9 ақпан күні сағат 18.15-те жедел жәрдем көлігімен Ақсу қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне анасымен бірге бес бала жеткізілген.
– Оларға «ысты газдан улану» диагнозы қойылды. Түскен кезде зардап шеккендердің жағдайы орташа ауыр болды. Қазіргі уақытта балалар мен олардың анасының жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Динамикалық бақылау жалғасуда, – деді Ақсу қаласы қалалық ауруханасы педиатрия бөлімінің меңгерушісі Амангүл Халмен.
Естеріңізге сала кетейік, өрт сөндірушілер бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы екі бөлмелі пәтердің жатын бөлмесінде пайдалануға қажетті заттар мен жиһаздардың жанып жатқанын анықтады. Жалын жалпы көлемі 12 шаршы метр жерді шарпыған. Оқиға орнынан 7 адам эвакуацияланды. Жедел жәрдем бригадасы Ақсу қаласындағы орталық ауруханға үш ересек және алты баланы жеткізді. Кейін бес бала орташа уланумен ауруханаға жатқызылды.